Батыс Қазақстанда студенттердің зерттеу жобалары байқауы өтті

Батыс Қазақстанда студенттердің зерттеу жобалары байқауы өтті

 Батыс Қазақстанда студенттердің зерттеу жобалары байқауы өтті

       Батыс Қазақстан облысында тарихи-мәдени мұраны дәріптеу бағытында жастар арасында ерекше мазмұнды шара өтті. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «Туған өлке – тұнған тарих» атты ғылыми-зерттеу жобалары байқауы өткізілді.

         Шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін оятып, оның тарихы мен мәдениетін терең тануға баулу. Сонымен қатар, студенттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырып, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу көзделді.

         Байқау екі бағыт бойынша өтті: топонимика (жер-су атаулары) және антропонимика (адам есімдері мен тұлғалар тарихы). Облыстың түкпір-түкпірінен 25 ғылыми жұмыс қабылданды. Жұмыстарды сарапқа салған құрам – тарих және филология ғылымдарының кандидаттары мен магистранттар, доценттерден құралған білікті қазылар алқасы.

Жеңімпаздар анықталды

Топонимика бағыты бойынша:

Бірінші орын – Шыңғырлау колледжінің студенті Еркежан Халелова, «Туған өлке – тұнған тарих» жобасы (жетекшісі: Жания Суиндыкова).

Екінші орын – Орал ақпараттық технологиялар колледжінен Валерия Матвеева, «Жайық бойындағы елді мекендердің топонимдерін географо-лингвистикалық және этимологиялық тұрғыда зерттеу» (жетекшілері: Гүлжан Исмагулова, Ольга Егорова).

Үшінші орын – үш студентке бұйырды:

Зарина Ермагамбетова (Бөрлі колледжі) – Бөрлі ауылындағы көше атауларының тарихы (жетекшісі: Нүргүл Лукбанова);

Сұлтан Шаштығалиев (Жәнібек колледжі) – «Қаһарман аудан – Жәнібек» жобасы (жетекшісі: Жансәуле Бекжанова);

Мөлдір Қайыржанова («АТиСО» академиялық колледжі) – «Менің кіші Отаным» (жетекшісі: Майя Шналиева).

Антропонимика бағыты бойынша:

Бірінші орын – Седат Асқапов (Жоғары инженерлік технологиялық колледжі), «Партизан-байланысшысы Майра» жобасы (жетекшісі: Лаура Жұмашева).

Екінші орын – Расул Болат (Индустриалды колледж), «Бисен Жұмағалиевтің ерлігі» (жетекшісі: Жұлдыз Мұханбетқалиева).

Үшінші орын – Армат Рсаев (Қаратөбе колледжі), «Еңбек пен адамгершілікті ұштастырған тұлға» (жетекшісі: Білжан Жамбылқызы).

Зерттеу – болашаққа бастар жол

     Байқау аясында қатысушылар Теректі ауданындағы табиғи және тарихи нысандармен танысып, «Сәуір ата жары», «Емен орманы» мен өлкетану музейіне экскурсия жасады. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, жетекшілеріне алғыс хаттар тапсырылды.