БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА
ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР АРАСЫНДА"ДОСТЫҒЫ ШАЛҚЫҒАН ШАҢЫРАҚ"ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында және бірінші мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында этномәдени бірлестіктер арасында «Достығы шалқыған шаңырақ» атты облыстық байқау өтті.
Басқарма басшысының орынбасары Жеңіс Махамбетұлы өзінің құттықтау сөзінде «Бүгінгі шара – достық пен бірліктің, татулық пен өзара құрметтің белгісі. Әр этнос өкілінің қазақ тіліне деген құрметі, мемлекеттік тілді меңгеруге деген ұмтылысы – еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің басты көрсеткіші. Өз ұлтының салт-дәстүрін сақтай отырып, мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтарымызға үлкен алғысымызды білдіреміз» - деп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға Бәйтерек, Бөрлі, Тасқала, Теректі аудандары мен Орал қаласының этномәдени бірлестіктерінен құралған командалар қатысып, өзара білімдері мен өнерлерін ортаға салды. Барлығы 18 адам қатысты.
Байқау 4 кезеңнен тұрды:
«Таныстыру» – командалардың өзін мемлекеттік тілде таныстыруы;
«Мақал – сөздің мәйегі» – мақал-мәтел айту сайысы;
«Салт-дәстүр – сан ғасырлық мұра» – өз ұлтының салт-дәстүрін сипаттау;
«Шабыт жұлдызы» – ана тілінде өнер көрсету.
Қазылар алқасы құрамында белгілі ақындар, өнер және мәдениет қайраткерлері болды.
Байқау қорытындысы келесідей:
І дәрежелі диплом – Теректі ауданы этномәдени бірлестігінің «Фройндшафт» командасы;
ІІ дәрежелі диплом – Бәйтерек ауданы этномәдени бірлестігінің «Ынтымақ» командасы;
ІІІ дәрежелі диплом – Бөрлі ауданы этномәдени бірлестігінің «Бірлік» командасы;
Алғыс хаттар - Орал қаласы этномәдени бірлестігінің «Бір шаңырақ» және Тасқала ауданы этномәдени бірлестігінің «Достық» командалары.
Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Осындай игі іс-шаралар халқымыздың бірлігі мен достығын нығайта берсін!Бірлігі жарасқан елдің болашағы - әрдайым жарқын !