ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары

27 маусымда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары аясында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысының қарқыны мен сапасын тексеріп, облысымызға  қарасты Қаратөбе, Сырым және Теректі аудандарының тұрғындарымен кездесті.

Жалпы Батыс Қазақстан облысының аудандарында 401 жаңа үйдің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Сырым ауданында – 114 жаңа үй, Қаратөбе ауданында – 90 жаңа үй, Теректі ауданында – 131 жаңа үй, Бөрлі ауданында  90 жаңа үй салынып жатса, Бәйтерек ауданында 6 жаңа үй бой көтеруде.

Сапар барысында Қ.Бозымбаев Орал қаласындағы және аудандардағы су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысына жауапты мердігерлерге құрылысты белгіленген мерзімнен кешіктірмеу маңызды екенін еске салып, тұрғын үй қорын қалпына келтіру қарқынын арттыру үшін Батыс Қазақстан облысына МСҚБ мамандары мен еліміздің басқа өңірлерінен бағалау компаниялары келгенін хабарлады. Сондай-ақ оңтүстік облыстардан жұмыс күші мен техника тартылатындығын айтты.

Сапардың басты оқиғасы, Орал қаласының  саяжай тұрғындарына қала орталығынан пәтерлер беріле бастады. Қанат Бозымбаев «Азимут» жаңа тұрғын үй кешенінде баспана кілтін тапсыру рәсіміне қатысты. Бүгінгі күнге 15 отбасы пәтер иегері атанды, оның 7-еуі  көпбалалы отбасы.