Зашаған к. жаңа мектептің ашылуы

Зашаған к. жаңа мектептің ашылуы

Орал қаласының Зашаған кентіндегі Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы маңында бой көтерген жаңа мектеп Тұңғыш Президент күні қарсаңында пайдалануға берілді. Бұл білім ошағына шаһардағы Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі көшірілген болатын. Өйткені аталмыш мектеп-лицейдің 220 жылдық тарихы бар ескі ғимараты мемлекеттік қорғауға алынды.

-Қайырлы күн, құрметті Зашаған кентінің тұрғындары мен ұстаздар қауымы! Баршаңызды 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген болатын. Соған орай мемлекет тарапынан білім деңгейін көтеруге, мектептерді материалдық-техникалық базамен жабдықталуына жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Нақтырақ айтсақ, биыл облыста алты мектептің құрылысы басталса, 27 мектепте күрделі жөндеу жүруде. Әлия Молдағұлова атындағы  №38 мектеп-лицейінің ғимараты – 1881 жылы бой көтерген қаладағы ең ескі ғимараттардың бірі. Бүгінгі күнге дейін сол тозығы жеткен ғимаратта оқушыларымыз білім алып келді. Енді, міне, жаңа мектепке көшіріліп отыр. Зашаған кентіндегі №47 және №10 мектептерде оқушылар үш ауысымда оқитын еді. Биыл сол №10 мектептің 1-сыныбында оқу үшін 17 сыныпқа оқушы қабылданған. Жаңа мектептің ашылуы үш ауысымдық білім беру мәселесін шешті,- деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Содан соң мектеп құрылысының мердігері «НұрКапСтрой Газ» ЖШС-ның бас директоры Әділбек Каримов сөз алып, білім ошағын салуды сеніп тапсырған облыс, қала басшылығына алғысын айтты.  

-Атырау қаласынан келіп, еңбек етуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Қаржы уақытылы түсіп, біз де мектептің құрылысын белгіленген жоспардан бұрын орындадық. Құрылыс жұмыстарына тартылғандардың барлығы дерлік батысқазақстандықтар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні құтты болсын. Егемен елдің ертеңі болар білімді де саналы ұрпақ өсіп өне берсін,- деді ол.  

Евгения Максимова,

zhaikpress.kz