Ұстаздар күніне орай қаламызда салтанатты түрде жаңа мамандандырылған №8 лицейі ашылды. Аталған мектеп 1952 жылы салынып, апатты жағдайдағы ғимараттың орнына бой көтерген.
Бастапқыда аталған мектепте күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі жоспарланған болатын. Алайда, кешенді техникалық тексеру нәтижесінде ғимарат апатты деп танылып,бұдан әрі қарай пайдалану үшін жарамсыз екені анықталды. Осыған байланысты жаңа мектеп ғимаратының жобасы әзірленді.
Жаңа мектеп заманауи білім берудің барлық стандарттарына сай келеді. Кең әрі жарық сыныптар, атап айтқандажаратылыстану ғылымдарын практикалық оқытуға арналған заманауи технологиялармен жабдықталған STEM кабинеті, заманауи зертханалар, робототехника кабинеттері, шеберханалар, акт залы, спорт залы, кітапхана. Мектеп ғимаратында балалардың жан-жақты дамуы мен мұғалімдердің жайлы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған.
Бұл ретте, жобаның жүзеге асырылу мерзімін айта кеткен жөн, нормативтік құрылыс мерзімі 15 ай болғанымен, іс жүзінде құрылыс жұмыстары 9 айда толығымен аяқталды. Бұл – тиімді әрі үйлесімді жұмыстың жарқын үлгісі.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады, оларға адал еңбектері үшін алғыс айтты. Аталған лицейдің ашылуы өңірде адами капиталды дамытуға басым көңіл бөлініп отырғанының айқын көрінісі екенін атап өтті.