Облыс әкімінің орынбасары Каюпов Тлепберген Ерсайұлы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Подстепное ауылында жергілікті атқарушы органдар кезегінде тұрған "Отбасы банк" АҚ салымшыларына арналған “7 үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй және бірінші қабатында коммерциялық үй-жайлары бар 6 төрт қабатты құрастырмалы-монолитті қаңқадан салынған көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы” нысанының құрылыс қарқынын тексеру мақсатында көшпелі отырыс жүргізді.
Аталған нысан - өңір халқын, оның ішінде әлеуметтік осал топтар мен жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.
Көшпелі отырыс барысында облыс әкімінің орынбасары құрылыс нысандарын аралап, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы мен қарқынымен танысты. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігі, жұмысшылардың техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейі және құрылыс материалдарының уақтылы жеткізілу мәселелері де қаралды.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бірқатар тұрғын үй нысандарының іргетасы қаланып, қабырғалары көтерілуде.
Каюпов Тлепберген Ерсайұлы құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер «ЖайықСельСтрой» нақты тапсырмалар беріп, жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, сапаны басты назарда ұстау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, ол бұл жобаның облыс халқы үшін маңыздылығын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың құжаттарын уақытылы рәсімдеу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Көшпелі отырыс соңында тұрғындармен және жергілікті билік өкілдерімен кездесу өткізіліп, олардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.