Орал мен Ақтөбе ХҚО-лары штаттық режимде жұмыс істейді

Орал мен Ақтөбе ХҚО-лары штаттық режимде жұмыс істейді

Шетел азаматтарының халыққа қызмет көрсету орталықтарына шамадан тыс көп жүгінуіне байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы шетелдіктерге жұмысы күшейтілген бөлімдерде қызмет көрсету туралы шешім қабылдаған болатын.

ҚР ЦДИАӨМ Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің төрағасы Дәулет Бекманов жұмыс сапарымен Ақтөбе және Орал қалаларында болып, екі қаладағы жұмысы күшейтілген ХҚО-ларды аралады.

«Қазір күшейтілген ХҚО-лар шетелдіктерді қабылдауда. Мемлекеттік корпорация мұндай шешімді өзге елдерден келуші азаматтар тарапынан өтініштердің көптеп түсуіне байланысты қабылдады. Қабылданған шаралар ЖСН алушылар қатарын азайтып, қызмет көрсету процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Ал қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді бұрынғыша басқа ХҚО бөлімдерінен ала алады» - деді Дәулет Бекманов.

ХҚО бөлімдерінде кезекті болдырмау мақсатында Мемлекеттік корпорация 8 аймақта күшейтілген ХҚО-лар ашумен қатар EgovKzBot2.0 Telegram боты арқылы кезекті онлайн брондау сервисін де іске қосты. Ол үшін қолданушы бот мәзірінде «ХҚО-ға кезекті брондау» бөліміне өтіп, төлқұжат нөмірін теріп, жолығатын ХҚО бөлімін, уақытын таңдайды. Брондау сәтті өткеннен кейін азамат белгіленген уақытқа 15 минут қалғанда ХҚО-ға келуі тиіс. Онда шетелдік төлқұжатты көрсетіп, кезек талонын алады.

Оған қоса, ЖСН алу оңтайландырылды. Шетел азаматтарына ЖСН алу үшін ХҚО-ға екінші рет жолығудың қажеті жоқ. Дайын құжат өтініште көрсетілген қазақстандық телефон нөміріне жіберіледі.