Казталов ауданының әкімі Альберт Темірболатұлы Есалиевтың тұрғындар алдындағы жылдық қорытындылау есебінің баяндама желісі

Казталов ауданының әкімі Альберт Темірболатұлы Есалиевтың тұрғындар алдындағы жылдық қорытындылау есебінің баяндама желісі

Экономика

Казталов ауданының бюджеті 2019 жылы 9 млрд 200 млн 451 мың теңге болса, 2020 жылы 11 млрд 641 млн 943 мың теңгені құрады.

Соның ішінде өз кірісіміз 1 млрд 120 млн 658 мың теңге. Олардың басым бөлігін табыс, әлеуметтік  және меншікке салынатын салықтар құрайды.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 11 млрд 7 млн теңге, соның ішінде жеке меншіктік қаражат 3 млрд 106 млн теңге.

16 ауылдық округтің бюджеті 2020 жылы 1 млрд  99 млн 671 мың теңге құрады. Соның ішінде 47 млн 748 мың теңге өз кірістері есебінде.

Ең басты бағыттардың бірі салық түсімін ұлғайту болып табылады. Ол үшін аудандағы тіркелмей тұрған жылжымайтын мүліктерді анықтау бойынша жұмыстар жүрігізіп, нәтижесінде тіркелмеген 30 тұрғын үй, 27 коммерциялық нысандар және  нарықтық бағасы төмен 71 тұрғын үй анықталды. Қазіргі таңда  тұрғын үйлерді қайта бағалау қажеттілігі туралы түсінік жұмыстары атқарылып, тіркелмеген нысандарды есепке алу, тиісті салықтарды төлетіп салық түсімдерін көбейту бойынша жұмыстар атқарылуда.

 

Тұрғын үй және құрылыс

Қазіргі таңда аудан бойынша 428 адам тұрғын үй кезегінде тұр.

2020 жылы тұрғындар тарапынан 55 үй немесе 6198 шаршы метр жеке тұрғын үйлер салынды. 

Аудан халқын тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы жалпы құны 401 млн 050 мың теңгені құрайтын Казталов ауылында 2 және Жалпақтал ауылында 1 екі қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыстары басталды. Бұл үйлер биылғы жылы толықтай аяқталып, нәтижесінде 36 отбасы баспаналы болады. Басым бөлігі көп балалы аналарға арналған. Сонымен бірге, аталған үйлерге инженерлік-коммуникациялық  желілерінің құрылысы да жасалуда.

Жер кезегінде тұрған тұрғындарға тұрғын үй салу үшін Жалпақтал ауылындағы 61 жер теліміне инфрақұрылымды жүргізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезде су жүйесінің құрылысы аяқталды (15 млн 928 мың теңге). Биылғы жылы байланыс, электр желілері мен газ тарту жұмыстарын да жүргізу жоспарымызда бар.

Сонымен бірге, ауданымызда тұрғын үй қорын жақсарту бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында алдағы уақытта жалпы аумағы 1445,8 м² құрайтын 4 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіледі.

 

Газбен қамту

Өткен жылы Көктерек, Оразғали, Жұлдыз және Көмекші ауылдарына газ берілді. Қазіргі кезде Талдықұдық, Кішіталдықұдық, Бейстерек, Кішкенешал ауылдарын газбен қамтуға құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталған бағыттағы жұмыстарды биылғы жылы аяқтау жоспарлануда. (824 тұрғын газбен қамтылады). 

Нәтижесінде аудан бойынша 32 ауыл газбен қамтылып, 27 мыңнан астам немесе 95,3% тұрғын көгілдір отынға қол жеткізетін болады.

Сонымен қатар құны 161 млн 768 мың теңгеге Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа және Серік ауылдарына қарасты 15 әлеуметтік нысанды газбен қамту бойынша жұмыстар жүргізілді.

2 мыңнан астам халық тұратын қалған 16 елді мекенді газбен қамту жұмыстарына жобалық сметалық құжаттары жасақталды. (Сатыбалды, Бостандық, Ащысай, Жас, Танат, Саралжын, Қызылту, Қаракөл, Сексенбаев, Мереке, Көпкүтір, Аққурай, Хайруш, Әбіш, Еламан, Саралжын)

 

Ауыз су

2020 жылы Қарасу ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта құру жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді.

Қазіргі таңда ауданда 23 ауылға таза ауыз су өткізілсе, 25 мыңнан астам немесе 88,5% тұрғын таза ауыз сумен қамтылып отыр.

Сонымен қатар, өткен жылы 2,4 млн теңге қаражатқа 6 елді мекенде (Бозоба, Сексенбаев, Еңбек, Көпкүтір, Аққурай, Саралжын) ауыз су құдықтары қазылды және 6,1 млн теңгеге 2 ауылда (Нұрсай, Қошанкөл) ұңғымаларды тазарту жұмыстары жүргізілді.

«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Талдықұдық пен Қоныс ауылдарын ауыз сумен қамту үшін және 7 ауылға (Жаңатаң, Әбіш, Оразғали, Жас, Ордабай, Сатыбалды, Беспішен) блок-модульді кешендерін орнату мақсатында жобалар жасақталды.

 

Коммуналдық шаруашылығы

Ауыз су құнын төмендету мақсатында 2020 жылы 10 елді мекенге (Казталов, Әжібай, Қараоба, Қошанкөл, Болашақ, Жалпақтал, Қараөзен, Қарасау, Жұлдыз, Жаңажол)  71 млн 572,4 мың теңге субсидия берілді. Биыл қосымша 5 елді мекенге (Тереңкөл, Бостандық, Қайыңды, Ақпәтер, Көктерек) ауыз су құнын төмендетуге субсидиялау үшін тиісті құжаттар тапсырылды.

Ағынды суларды тазарту үшін 8 ауылдық округіне жаңадан 49 су тазартатын мембраналары қондырылды. Сонымен бірге 30 млн 301 мың теңге қаражатқа 9 елді мекеннің көлдері мен бөгеттеріне (Әжібай, Беспішен, Қоныс, Мирон, Болашақ, Қошанкөл, Талдыапан, Ақпәтер, Казталов) техникалық сумен толтыру, саябақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Казталов мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынына 113 млн 702 мың теңгеге әр түрлі техника мен құралдар, соның ішінде  эксковатор (45 920 000 теңге) және бульдозер (45 136 000 теңге) алынды.

Осы техникалар арқылы 11 ауылдың (Болашақ, Оразғали, Көпкүтір, Аққурай, Қараоба, Ордабай, Әжібай, Кішіталдықұдық, Хайруш, Нұрсай, Бозоба) бөгеттері тазаланды.

 

Жол

«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті деңгейдегі жол инфрақұрылымын қалпына келтіруге және дамытуға басымдық берілуде.

Ауданымызға қатысты 210 шақырым республикалық жолдың биылғы жылы жоспарланған «Чапаев – Жалпақтал – Казталов» республикалық жолдың 13,7 шақырымына және «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» республикалық жолдың 10,4 шақырымы күрделі жөндеуден өтті.

Көп жылдар бойы аудан тұрғындарына облыс орталығымен қатынау қиын болса, қазіргі таңда бұл мәселе толықтай шешіліп отыр. Сондай-ақ, бұл жолдың стратегиялық маңызы да зор, себебі сапалы қарым қатынас кәсіпкерліктің де, ауданның экономикалық динамикасына да оң әсерін тигізетіні айқын.

Сонымен қатар, ауылішілік жолдар да жөнделіп, халықтың тұрмысын жақсартуға өзіндік септігін тигізуде. Атап айтсақ, Казталов, Жалпақтал ауылдарына 1 млрд 320 млн теңгеге 17 көшеге 10,8 шақырым автомобильдер жолдары төселді. Аталып өткен ауылдар мен Бостандық ауылына жалпы 23 көшеге 14,1 шақырым жаяу жүргіншілер жолдары салынды.

Алдағы уақытта 15 шақырым кіреберіс (Бостандық, Қоныс, Әжібай, Нұрсай), 15 шақырым аудандық маңызы бар (Қараоба-Беспішен-Қошанкөл бағытындағы), 11,5 шақырым ауылішілік және 6 шақырым жаяу жүргіншілер жолдарын салу үшін жобалық сметалық құжаттары жасақталды.

 

Ауыл шаруашылығы

Қазіргі кезде аудан көлемінде 12 543,1 тонна ет (тірілей салмақта), 26 910,2 тонна сүт, 2 732,3 мың дана жұмыртқа өңдірілді.

Күні бүгінге асыл тұқымды мал асырайтын шаруашылықтардың саны 51-ге жетіп отыр (2019 жылы 33 шаруашылық). Аталған шаруаларда 1293 жылқы, 8386 қой, 4861 ірі қара малы бар.

Ауданның шаруа қожалықтары мен тұрғындары әртүрлі  бағдарламалар арқылы 2 млрд 851 млн теңге несие алды.

Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында  1 млрд 818 млн 522 мың теңгеге субсидия берілді. Соның ішінде: Мал шаруашылығына –                1 млрд 362 млн 853 мың теңге. Инвестициялық субсидия – 455 млн 669 мың теңге.

Бау-бақша өсіруді қолға алған шаруа қожалықтарымен 7 га жерге 584 түп алма ағашы егілді.

Сонымен қатар, Қараоба ауылында 2,8 га жерге бақша дақылдары егіліп, 7,5 тонна өнім өндірілді. Аталған ауылда 85 га жерге күздік бидай егілді.

Халыққа қолжетімді арзандатылған бағамен 5800 бас тауық, қаз, үйрек балапандарының  сатылымы ұйымдастырылды.

Ауданымызда  100 187 бас ірі қара малы, 250 193 бас қой мен ешкі,  27 793 бас жылқы, 215 бас түйе бар.

 

Кәсіпкерлік

Ауданда 1347 шағын кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасауда. Бұл саладан бюджетке 92 млн 400 мың теңге түсім түсіп, 2196 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша жыл басында құны 1 млрд 883 млн теңгеге 12 жоба жоспарланса, соның ішінде 1 млрд 845 млн теңге 8 жобаның құрылысы аяқталды. Жалпы 91 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Атап айтсақ, Казталов ауылында 450 млн теңгеге «Нефтек» көпбейінді жану-жағар май құю бекеті  (Тәулігіне 5 тонна жану жағармаймен қамтамасыз етеді, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылды), 30 млн теңгеге «Сымбат» дәмхана және қонақ үйі («Аманай» ЖК, бір мезгілде 50 адамға қызмет көрсетеді, 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылды), 15 млн теңгеге балық және арнайы киімдер мен құрал-жабдықтар сататын дүкені («Сартаев» ЖК, сазан, шортан, табан т.б балық түрлері сатылымда бар, 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылды) іске қосылды.

Ауданымызға инвестиция тарту бағытында ауданның инвестициялық картасы жасақталды. Аталған картаға 307 инвестициялық нысан енгізілді.

 

Жер

Ауданның жер аумағы 1 860 581 га. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 909 393,4 га құрайды.

Пайдаланылмай жатырған 9 850 га құрайтын 15 шаруашылықтың жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Өткен жылы 75 669 га құрайтын 121 жер учаскесіне 3 конкурс өткізіліп пайдалануға берілді. Соның ішінде 22 838 га құрайтын жер учаскелері 39 жаңадан құрылған шаруашылықтарға тиесілі.

Алдағы уақытта көлемі 40 000 га құрайтын 60 жер учаскесін конкурсқа шығару жоспарлануда.

Күні бүгінге ауданымыздың 714 мың 286 гектар жайылымдық жердің 85,6%, яғни 611 мың 415,79 гектары цифрландырылды.

 Аудан бойынша елді мекендердің коммерциялық бағыттағы жалпы көлемі – 7 га құрайтын 17 жер учаскелері 1 млн 218 мың 441 теңгеге сатылды.  

 

Білім беру

2020 – 2021 оқу жылын 38 мектеп 5290 оқушымен бастады.  46 жас педагог мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты.

Мектеп бітіруші 293 түлектің 104-і жоғары оқу орындарының гранттарын иеленді. Ауданымыз бойынша 28 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.

Аудан бойынша 12 жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернаттардың  материалдық – техникалық базасын нығайтуға 3 млн 329 мың теңге жұмсалды.

 41 білім беру ұйымына 42 млн 984,7 мың теңгеге 455 дана бейнебақылау камералары, 14 мектепке 40 млн 834 мың теңгеге ішкі әжетханалар орнатылды.

Мектепке дейінгі тәрбие үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы. Осы орайда Ақбота бөбекжайына 23 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жасалды.

380 млн 652 мың теңгеге Болашақ ауылында орналасқан 461 орындық А.Байтұрсынұлы атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Апатты деп танылған А.Оразбаева атындағы және Сарықұдық мектептерінің құрылысы жүргізілуде. Ол ғимараттар ағымдағы жылы қолданысқа берілетін болады. Нәтижесінде 660 оқушы заманауи жаңа мектептерде білім алады. Сонымен қатар, Жұлдыз ауылындағы А.Хұсайынов атындағы 108 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер анықталып, дайындық жұмыстары атқарылуда.

  Күрделі жөндеуді қажет ететін 464 орындық Талдықұдық ауылындағы С.Есетов атындағы, 640 орындық Казталов мектеп-лицейі және 640 орындық Жалпақтал ауылындағы Ғ.Молдашев атындағы мектептерінің жобалары дайын, жоспарға енгізу үшін жұмыстанамыз.

Жұмыспен қамту

Есепті мерзімде жаңа құрылған 2180 жұмыс орындарына 1311 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Жастар  практикасын ұйымдастыру бойынша 204 жас жұмысқа жолданды (149%).

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында құс шаруашылығын дамыту, тігін цехын ашу, техникалық қызмет көрсету және қоғамдық монша қызметтерін ұйымдастыру үшін 154 адамға 77 млн 772 мың теңге қайтарымсыз грант алды.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 2 млрд 899 млн 294 мың теңгеге 10 жоба жоспарланып, күні бүгінге 7 жоба аяқталып отыр, 3 жоба ағымдағы жылы аяқталады. 666 адам жұмыспен қамтылды.

Жалпы аудан бойынша 3031 адамды қамтитын 592 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып,  232 млн 714 мың теңге төленді.

Елімізде жарияланған төтенше жағдай және шектеу іс-шаралары кезеңінде 42500 теңге мөлшеріндегі көмек ауданымыздың 12 628 тұрғынына берілді.

2020 жылдан бастап енгізілген «Әлеуметтік қызмет көрсету» порталы арқылы 52 мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес онлайн тәртібімен 3 млн 714 мың теңге техникалық көмекші құралдарын алды.

Аудан әкімдігі жанындағы арнайы комиссияның шешімі бойынша әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жататын 1788 мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына 80 млн 149 мың теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Жергілікті атқарушы органдармен тұрмысы төмен, аз қамтылған, көмекке зәру 4155 отбасына 23 млн 741 мың теңгеге қайырымдылық көмек ұйымдастырылды.

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде халықтың осал тобына енетін 804 отбасына 50000 теңге мөлшерінде қаржылай қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар 15000 теңге көлеміндегі коммуналдық шығындарды өтеу үшін 2416 тұрғынның өтініштері қанағаттандырылды.

Жастар саясаты

Ауданда жастарды қолдау бағытында көптеген жұмыс атқарылуда, бірнеше бағыттар бойынша жобалар іске асты.

2020 жылы 100 маманға 27 млн 145 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді.

Сондай-ақ, 39 маманға 138 млн 820 мың теңге көлемінде бюджеттік несие беріліп, тұрғын үйлермен қамтылды.

Президент «Жасыл қала – жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасын іске қосуды тапсырды. Аудан жастарын уақытша жұмыспен қамту мақсатындағы «Жасыл ел» еңбек жасақтары бойынша 80 студент маусымдық жұмыстарға тартылды.

Ауданымыз бойынша 710 волонтер volunteer07kz сайтына тіркеліп, волонтерлік жұмыстың негізгі 7 бағыты бойынша жұмыстар жоспары құрылып, өз жұмысын белсенді түрде жүргізді.

Денсаулық саласы

Аудан бойынша халыққа 2 аурухана, 27 медициналық пункт, 7 фельдшерлі-акушерлік пункт және 7 амбулатория қызмет көрсетеді.

2020 жылы Хайруш, Серік ауылдарының медициналық ғимараттары 26 млн 356 мың теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді және де 394 млн 947 мың теңгеге аудан орталығындағы ауруханаға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауданымызға өткен жылы хирург, педиатр, терапевт және т.б. мамандықтар бойынша жалпы 13 жас дәрігерлер келіп жұмыс жасауда.

Елімізде орын алған эпидемиялық ахуалға байланысты аудан кәсіпкерлерімен ауруханаларға жалпы құны 10 млн теңгеден астам қаржыға қажетті медициналық құрал-жабдықтары, жеке қорғаныс құралдары, дәрі-дәрмектер және 2993 әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларына 11 млн 895 мың теңгеге азық-түлік көмегі ұйымдастырылды (киім-кешек, азық-түлік, ет және т.б.).

Мәдениет

Ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінің материалды-техникалық жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Өткен жылы аудандық және Жалпақтал мәдениет үйлеріне 19 млн 200 мың теңгеге  жаңа техникалық құрал – жабдықтар алынды.

Сонымен бірге Казталов ауылының «Достық» саябағын абаттандыру үшін,  Талдыапан  ауылдық  мәдениет үйіне және  аудандық кітапхана ғимаратында заманауи коворкинг орталығын ашу мақсатында күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық сметалық құжаттары жасақталды. 

Спорт

Қазіргі таңда бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысу, салауатты ұлт қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылданып келеді.

Ауданымыз бойынша 16 ауылдық округ орталықтары және 5 елді мекен шағын футбол алаңдарымен қамтылып отыр. Сонымен бірге, өткен жылы Казталов, Жұлдыз ауылдарына 15 млн 700 мың теңгеге шағын футбол алаңдары салынды.

Спорт инфрақұрылымдарын нығайту және аудан тұрғындарын ұдайы спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында ауыл түлектерінің көмегімен биылғы жылы Жалпақтал, Қараөзен ауылдарында волейбол, баскетбол алаңдары ашылса, Бостандық пен Ақпәтер ауылында заманауи Street Workout алаңы салынды.

Өткен жылы Бостандық ауылында ат спорты үйірмесі ашылса, осы жылы ауыл азаматтарының қолдауымен бос тұрған ғимарат бокс залы ретінде күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне табысталды.

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінде жаңадан 5 спорт түрі бойынша (ат спорты – 2 топ, тоғызқұмалақ – 1 топ, волейбол – 2 топ, бокс – 2 топ, самбо – 2 топ) үйірмелер ашылды.

Сондай-ақ, өткен жылы Казталов ауылында 320 орындық және Жалпақтал ауылында 160 орындық заманауи дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерінің құрылысы басталды. Ағымдағы жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.

 

Интернетпен қамту

Халық саны 250-ден асатын 24 елді мекеннің 14 талшықты-оптикалық интернет желісіне қосылды (Казталов, Қоныс, Ақпәтер, Қайыңды, Бостандық, Бірік, Жалпақтал, Жаңажол, Көктерек, Қараоба, Қарасу, Жұлдыз, Қошанкөл, Тереңкөл). 

2020 жылы Талдықұдық ауылына 4G, Қайыңды, Болашақ, Қараоба, Қарасу, Қошанкөл ауылдарына 3G байланыс желісі орнатылып, сымсыз мобильді интернет желісімен қамтылды.

 Сонымен қатар аудан бюджеті есебінен 23,1 млн теңге қаржы бөлініп Жаңатаң, Көпкүтір және Жас ауылдарына антенна-мачталық құрылымдар орнатылып, 3G байланыс желісімен қамтылса, Сарықұдық ауылына байланыс жүйесін орнату күтілуде.

Қазіргі таңда 16 ауылда 21293 тұрғын 3G/4G сымсыз мобильдік интернет желісімен және 32 елді мекен 2G мобильдік интернет желісімен қамтылды.

 

Рухани жаңғыру

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында игілікті іс-шаралар ауданда жылма-жыл жалғасын табуда.

Өткен жылы аудан бойынша ауыл түлектері мен кәсіпкерлердің қолдауымен 92 млн 350 мың теңгеге 36 жоба іске асырылды.

Соның ішінде  ауыл тұрғындарының өз қаражаттары есебінен Қособа ауылында 10 млн теңгеге 30 орындық бастауыш мектеп салынып, 1 қыркүйекте пайдалануға берілді.

Жалпақтал ауылының әр жылдары мектепті бітірген түлектері жалпы құны 8 млн теңге қаражатқа «Шағын арбат» салып, Қараөзен өзенінен өтетін «Аспалы көпірді» күрделі жөндеуден өткізсе, Сатыбалды ауылының тұрғындары 11 млн 300 мың теңгеге 60 адамға лайықталған клуб салды.

Және Жаңатаң ауылының негізгі мектебі жанынан 7 млн теңгеге 25 орындық шағын орталық, Жаңажол ауылында кәсіпкер Р.Есенгалиевтің демеушілігімен 12 млн теңгеге 4 бөлмелі медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді.