Бүгін «Ауыл айнасы» газетінің 95 жылдық, ал «Жалпақтал өңірі» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай, өлке журналистикасына өлшеусіз үлес қосқан қаламгер Темірғали Тілепбергенұлы Жазбаев және «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері, газеттің ұзақ жылдар бойы қазіргі «Ауыл айнасы» газетінің бас редакторы болған Зайдолла Қабдығалиевтің үйіне мемориалдық тақта орнату рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, ақын, «Парасат» орденінің иегері, ҚР Мәдениет және білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» және Ы.Алтынсарин медальдарының иегері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, «Казталов ауданының құрметті азаматы», ҚР Жазушылар Одағының БҚО филиалының төрайымы, кезіндегі «Коммунист» газетінде қызмет атқарған ардагер журналист Дариға Мұштанова, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының кеңесшісі Тоқтар Кенжеғалиев, сондай-ақ сала мамандары мен ардагерлері, өңір аудандарының өкілдері, Темірғали Жазбаев пен Зайдолла Қабдығалиевтің ұрпақтары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Алдымен Жалпақтал ауылында Темірғали Тлепбергенұлы тұрған үйге орнатылған ескерткіш тақтаны ашу рәсімі өтті. Мемориалдық тақтаны Дариға Ғазезқызы және қаламгердің қызы Алмагүл Темірғалиқызы ашты. Ақын, жерлесіміз Дариға Ғазезқызы құттықтау сөзінде елге белгілі тұрған үйдің маңызы мен қаламгердің болмысына тоқталды.
- Бұл тек Темірғали Жазбаевтың үйі емес, редакцияның үйі сияқты еді. Осы жерде жалғас тұрған үй қос қанатты, бір жағында типография, бір жағында редакция. Сол жерде қызмет еттік. Қайнаған өмір. Соның барлығы біздің шығармашылық тұрғыда ұйысып, қанаттасып өсуімізге бірден-бір діңгек болған құтты қоныс. Сонау 1969 жылдары 9 сыныпта оқып жүргенімде алғаш өлеңімді жібергенде, соны жариялап, атымды танытып, шығармашылық адам болып қалыптасуыма осы Темірғали ағаны қосқан үлесі зор. Содан мектеп бітірген соң штаттан тыс тілші боп, институт бітірген соң осы редакцияда қызмет еттік. Темірғали аға шын мәнінде, демократ, шығармашылықтың адамы еді, - деп еске алды ақын.
Сонымен қатар ақпарат майданының сардарының қызы, қарындасы және бірге қызметтес болған Болат Оразұлы сынды азаматтар естеліктерімен бөлісіп, рухына тағзым етті. Содан соң Казталов ауылында Зайдолла Қабдығалиевтің үйіне мемориалдық тақта орнату рәсімі өтті. Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы ардақты азаматтың еңбегін еске алып, ұрпаққа үлгі етудің маңыздылығын атап өтті.
- Бүгін біз ел руханияты үшін мәні зор, тарих пен тағылым сабақтасқан сәтте бас қосып отырмыз. «Ауыл айнасы» қоғамдық-саяси газетінің 95 жылдық мерейтойы аясында өңірлік баспасөздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қаламгер, парасатты азамат Зейнолла Қабдығалиевтің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату рәсімінің куәсі болып отырмыз. Қай қоғамда да журналистика – халықтың үнін жеткізетін, уақыттың тынысын айқындайтын ерекше сала. Ал аудандық газет – ауыл өмірінің айнасы. Осындай жауапкершілігі мол жолда адал қызмет еткен азаматтардың есімін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Зайдолла Қабдығалиев журналистиканы тек ақпарат тарату құралы емес, қоғамды тәрбиелейтін, ойды оятатын, жауапкершілік жүктейтін рухани миссия деп білді. Ол көтерген мәселелер, айтқан ойлар Қазталов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық пікірдің қалыптасуына нақты ықпал етті, деді аудан әкімі.
Аудандық газетте қызмет атқарған ардагер Рабиға Кенжина, сондай-ақ Зайдолла Қабдығалиевтің ұлы Сапар Қабдығалиев өз ойлары мен естеліктерімен бөлісті. Мемориалдық тақтаны ашу құрметі ұзақ жылдар баспаханада еңбек еткен ардагер қызметкер Гүлнәр Алғазиева мен қаламгердің ұлына берілді.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі