АУДАН БАСШЫЛЫҒЫ БОСТАНДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕГІ ҚЫСТАҚТАРДЫ АРАЛАДЫ

АУДАН БАСШЫЛЫҒЫ БОСТАНДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕГІ ҚЫСТАҚТАРДЫ АРАЛАДЫ
Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов пен аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағат Нұрмұхамбетовпен бірге Бостандық ауылдық округіне қарасты қыстақтарды аралап, мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруалардың қазіргі жағдайын және атқарылып жатқан жұмыстарды қарады.
 
Іссапар барысында аудан басшылығы Қурайлы, Қамыстыкөл, Ақкөлмек, Бекіш, Ибатшеген, Өтепқали, Тлекқабыл, Жаманқұдық, Жылти, Бекет, Оңбай, Қосарал, Құлшыман, Жаңабаз, Нәсіп, Ақсуат, Тасоба қыстақтары мен Муслим шаруа қожалығына барып, қожалық иелері және жұмысшылармен жүздесті. Шаруалар мал қыстату, жем-шөп қоры, төлдету науқаны және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі жөнінде өз ой-пікірлерін жеткізді.
 
Бостандық ауылдық округінің әкімі Есбол Сақауовтың айтуынша, бүгінгі таңда округ аумағында 32 қыстақ орналасқан.
 
— Бүгінгі таңда округ аумағында 32 қыстақ орналасқан, оларда 43 қожалық тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Бұл ауыл шаруашылығы саласының округіміз үшін негізгі әрі маңызды бағыт екенін көрсетеді. Қазіргі таңда қыстақтарда 4000 бас ірі қара, 5678 бас қой-ешкі және 1951 бас жылқы тіркелген. Малдардың төлдету науқаны да қарқынды жүруде. Бұл көрсеткіштер жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді. Шаруалар мал басын көбейтуге, асылдандыру жұмыстарына және өнім сапасын арттыруға ерекше мән беріп отыр. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар, жеңілдетілген несиелер мен бағдарламалар — қожалықтардың дамуына оң әсерін тигізуде. Алдағы уақытта мал шаруашылығын одан әрі дамыту, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді жоспарлап отырмыз, — деді округ әкімі.
 
Кездесу барысында аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Мемлекет басшысы жүктеген мал шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмалардың маңыздылығына тоқталды.
 
— Күні кеше «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Президент ауыл шаруашылығының, оның ішінде мал шаруашылығының ел экономикасындағы рөлін ерекше атап өтті. Ет өндірісін ұлғайту, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта аудан көлемінде мал өсіруге қолайлы жағдай жасау, қожалықтарға мемлекеттік қолдауды тиімді жеткізу және шаруалардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары жалғасын табады, — деді аудан әкімі.
 
Сапар барысында қыстақтардағы жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жақсарту, екпелі шөп егу және мал шаруашылығын жүйелі түрде дамыту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Аудан басшылығы ауыл еңбеккерлерінің ұсыныс-пікірлерін назарға алып, оларды кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
 
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі