Аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен Мемлекет басшысының «TURKISTAN» газетіне берген сұхбатынан туындайтын міндеттер және 2025 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде аудандық актив отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы Сарсенбай Молдашев, «Amanat» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ильясов, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Актив отырысының күн тәртібінде экономика және қаржы, құрылыс, автомобиль жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жер қатынастары, ветеринария, әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамту бағыттарында, сондай-ақ білім беру, мәдениет және спорт, ішкі саясат, денсаулық сақтау салаларында 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы мәселелер кеңінен қаралды. Сонымен қатар құжатайналымы, кадр қызметі және орындаушылық тәртіптің жай-күйі де назарға алынды.
Күн тәртібіне сәйкес аудан әкімінің орынбасарлары Айдар Менеев, Рашит Иманғалиев, Серік Қайырлиев және аудан әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Нұрсұлтан Серік баяндама жасап, салалар бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді баяндады.
Отырыс барысында Мемлекет басшысының бағдарламалық сұхбатында айқындалған басым бағыттарды жергілікті деңгейде сапалы іске асыру, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуына басымдық беру қажеттігі атап өтілді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты бағдарламалық сұхбаты – еліміздің алдағы даму бағытын айқындап берген аса маңызды стратегиялық құжат деуге болады. Президент сұхбатында әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген жаңа сападағы даму моделін қалыптастыру – мемлекеттің басты мақсаты екенін нақты атап өтті. Бұл міндеттер республикалық деңгеймен қатар, әрбір өңірге, әрбір ауданға тікелей қатысты. Сұхбатта айтылған міндеттер – абстрактілі ұран емес, әрбір деңгейдегі басшы мен қызметкердің нақты іс-қимыл жоспары. Біздің басты мақсатымыз – халықтың сенімін ақтау, ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету және мемлекет белгілеген жаңғыру бағытын нақты іспен дәлелдеу. Осы мақсатқа жету жолында бірлесе жұмыстануымыз қажет, - деген аудан әкімі бөлім басшылары мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар өкілетті билік пен қоғамдық институттар өкілдеріне бірлескен жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі