Жаңажол ауылдық округіне қарасты шаруа қожалықтарының жетекшілері мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып, олардың нақты игілігін көруде. Бұл туралы аудан әкімі Асланбек Сарқұлов пен аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиевтің округ аумағындағы қыстақтарды аралау барысында шаруалар мәлімдеді.
Жаңажол ауылдық округінің аумағында 23 қыстақ орналасқан. Аталған қыстақтарда 3194 бас ірі қара, 5057 бас қой мен ешкі, 1197 бас жылқы, сондай-ақ 6 бас түйе бар. Шаруалар мал шаруашылығын асылдандыруға басымдық беріп, өз шаруашылықтарын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Солардың бірі — «Азамат» шаруа қожалығының жетекшісі Мәлік Ихсатов. Ол аудан басшылығына малды асылдандырумен қатар, екпелі шөп егу жұмыстарын жүйелі түрде қолға алғанын жеткізді.
— Қожалық 2004 жылы құрылған. Қазіргі таңда ірі қара мен жылқы малын өсіріп отырмыз. Мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып келеміз. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке бірқатар ауыл шаруашылығы техникаларын алдық. Атап айтқанда, тракторлар, екі дана шөп шабатын және шөп буатын агрегаттар, сондай-ақ жер жыртуға арналған қосымша техникалар бар. Биыл мал шаруашылығын асылдандыру бағыты бойынша 100 бас асыл тұқымды «Ақбас» ірі қара сатып алдық. Мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында жаздық орында 100 гектар жерді күзден бастап жыртып, дайындап қойдық. Алдағы көктемде бұл алқапқа дән сеуіп, судан шөбін егуді жоспарлап отырмыз. Осы орайда, аудан аумағының көлеміне қарамастан, қыстақтардағы ағайынның жағдайын арнайы барып көріп, назардан тыс қалдырмай жүрген аудан басшылығына өз ризашылығымды білдіремін, — деді ол.
Ал Нарөлген қыстағында қой шаруашылығын дамытып отырған жас шаруа — Айдос Айтболатов.
— Қазіргі таңда қожалықта қой шаруашылығы басым бағыт ретінде дамытудамыз. Бүгінде 600 бас қой, 150 бас ешкі және 250 бас ірі қара бар. Қой шаруашылығына басымдық беруге байланысты селекциялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, Жамбыл облысының Меркі ауданынан «Арашан» қой тұқымын әкеліп, оның төлдері арқылы жергілікті аумақтың табиғи-климаттық жағдайына бейімделген тұқым қалыптастыру жұмыстарын қолға алдық. Қазіргі таңда қожалықта 3 тұрақты жұмысшы еңбек етуде, — деді шаруа.
Шаруалармен кездесу барысында ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып отырғаны, көрсетіліп жатқан қолдаулардың өндіріс көлемін арттыруға және шаруалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң ықпал еткені айтылды.
Өз кезегінде аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларды тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
— Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығын дамыту — аудан экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі. Сондықтан мемлекет ұсынып отырған бағдарламаларды мақсатты пайдаланып, мал шаруашылығын асылдандыру мен жем-шөп базасын нығайтуға басымдық беру қажет. Аудан басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын, — деді аудан әкімі.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі