Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде «Қауіпсіз өңір – сенімді болашақ» тақырыбында форум өтті. Жиынға облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы төрағалық етті. Сондай-ақ іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов, Ләззат Рысбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан, жергілікті мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, білім беру саласының және атқарушы құрылымдардың өкілдері мен жастар қатысты.
Форум барысында өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кеңінен талқыланып, бірқатар ұсыныстар айтылды. «Қауіпсіз өңір» жобасын жүзеге асыруға белсенді атсалысқан ауыл әкімдері, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы құрылым өкілдеріне алғыс хаттар табысталды.
Аталған іс-шара аясында ауданымыздың Талдыапан ауылдық округінің әкімі Қайырлы Жұмағұлов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, «Қауіпсіз өңір» жобасы шеңберінде Сарықұдық елді мекенінің тұрғындары алкоголь өнімдерінен бас тартып, арнайы марапатқа ие болған болатын.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі