20 қыркүйек күні ауданымызда ұзақ жылдар бойы сауда-саттық саласында еңбек еткен кейуана Әмина Кумаева 95 жасқа толды. Ардақты ананы аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев құттықтап, жылы лебізін білдіріп, аудан әкімінің атынан құттықтау хат табыс етті.
— Сізді 95 жас мерейтойыңызбен аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың атынан шын жүректен құттықтаймын! Өміріңіздің әр сәті маңдай тер мен адал еңбекке, елге қызмет етуге арналды. Ауданымызда сауда-саттық саласында ұзақ жыл еңбек етіп, халыққа игілігіңізді тигіздіңіз. Бұл – Сіздің қажырлы еңбегіңіздің, қайсарлығыңыздың айқын көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Мен әр сөзімде осы мәселеге ерекше мән беремін. Маңдай термен келген адал еңбектің қадірін білетін жұрт озық ойлы ұлт болады. Халқымызда «Еңбегіне қарай – құрметі» деген жақсы сөз бар. Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам», – деген болатын. Осы айтылған сөз Сіздің ғұмыр жолыңызға арналып айтылғандай. Сіз ұрпаққа адалдықтың, еңбекқорлықтың, төзімділіктің үлгісін көрсеттіңіз. Артыңыздан ерген ұрпақтарыңыз Сізді мақтан тұтып, өнегеңізді жалғастырып келеді, — деді аудан әкімінің орынбасары.
1948 жылдан бастап елдің игілігі үшін еңбек еткен Әмина әжей ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.
Қуанышты сәтте Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов, орынбасары Мұқанғали Бектілеуов және аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шаканаева да болып, ардақты ананы мерейлі жасымен құттықтады.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі