ТАЛДЫҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ТАЛДЫҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Талдықұдық ауылдық округінде ауыл әкімі Эльдар Аманғалиевтің тұрғындармен есепті кездесуі өтті. Жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сарсенбай Молдашев, сондай-ақ бірқатар бөлім және мекеме басшылары қатысты.
 
Кездесу барысында округ аумағында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жан-жақты баяндалды.
2025 жылы округ бойынша 3 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 16 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алған отбасы болмағаны атап өтілді. Қыс айларында жиі орын алған электр жарығының сөніп қалуы мен байланыс үзілу мәселесін шешу үшін «Beeline» мұнарасына генератор алынып, қазірде монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
 
— Округте бірқатар жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр. Әсіресе мал азығын дайындау жұмысы үздіксіз жүргізілуде. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында да елеулі шаралар қабылданды. Киров – Шежін каналынан келетін су ағымы реттеліп, ауыл ішіндегі көбіктердің жыралары тазартылды. Ал Хайруш елді мекеніне заманауи су тазарту блок-модулі орнатылып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды, — деді округ әкімі.
 
Әлеуметтік инфрақұрылым бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ветеринариялық дәрігер қызметтік көлікпен қамтылды. Жеке инвестор есебінен мал сою алаңын салу үшін жер телімі бөлініп, тиісті құжаттар рәсімделген. Сонымен қатар, Талдықұдық – Жалпақтал кіреберіс жолының 15 шақырымына жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда.
 
Жиын барысында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов тұрғындар көтерген мәселелерді тыңдап нақты жауаптар берді. Аудан әкімі С. Есетов атындағы мектептің қоршау жұмыстары, өрт сөндіру бекеті және мектеп жанынан ашылған жылыжайдың жұмысымен де танысты.
 
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі