5 қыркүйек күні «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан әкімі Асланбек Сарқұлов аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрақты жұмыспен қамту, жеке әлеуметтік сипаттағы мәселелерін көтерді. Сонымен қатар ауылдарды абаттандыру, халықты мал азығымен қамтамасыз ету бағытындағы сұрақтар да талқыланды.
— Бүгінгі қабылдауда көтерілген әрбір мәселе – аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей байланысты. Тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орындарын ашу, ауылдарды абаттандыру және мал азығы мәселелері – біз үшін басым бағыттардың бірі. Осыған орай, жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Халықтың өтініш-тілектері назардан тыс қалмайды, біз оларды кезең-кезеңімен шешу үшін жұмыстанатын боламыз, — деді аудан басшысы.
Аудан әкімі көтерілген мәселелерді назарға алып, оларды шешу мақсатында округ әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі