5 қыркүйек күні аудан әкімі Асланбек Сарқұлов және аудан әкімінің орынбасары Айдар Менеев Жалпақтал ауылына іссапармен барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындарды қабылдады.
Алдымен аудан басшысы мен орынбасары орталық саябақта жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Ол жерде мердігер ұйым – «Сайдар» ЖШС басшылығымен және техникалық қадағалаушымен кездесіп, жұмыстардың сапалы атқарылуы қажеттігін қадап айтты. «Сапа – басты назарда. Әрбір жұмыс халық игілігі үшін жасалуы тиіс», – деді аудан әкімі.
Одан кейін Дәстүрлі өнер орталығының ғимаратын аралап, нысанның қазіргі жағдайына назар аударды. Әсіресе шатырды қайта қалпына келтіру мәселесін шешу жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Ауданымыздың абыройын республика көлемінде асқақтатып жүрген өнерпаздарды дайындайтын бұл орталыққа әрдайым қолдау көрсетілуі қажеттігін атап өтті.
Сапар соңында аудан әкімі Жалпақтал, Көктерек, Қараөзен, Жаңажол және Ақпәтер ауылдық округтерінің тұрғындарын жеке қабылдады. Кездесу барысында тұрғындар тұрғын үй, жұмыссыздық және әлеуметтік мәселелерді ортаға салды. Әрбір ұсыныс пен өтініштің шешімін табу үшін жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі