ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДІҢ ӨРІСТІ БЕЛЕСІ

ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДІҢ ӨРІСТІ БЕЛЕСІ
 
4 қыркүйек күні әкімі Асланбек Сарқұлов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов елге еңбегімен танылып, саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы мен ауданның өркендеуіне арнаған ардақты азамат Нұретден Ихсанұлы Құтхожинді 70 жас мерейтойымен құттықтады.
 
— Саналы ғұмырыңызды ветеринария саласына, ауыл шаруашылығын дамытуға арнап, еңбек жолыңызда жауапты қызметтердің әр баспалдағынан абыроймен өттіңіз. Бірқатар лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, кәсіби біліктілігіңізді, ұйымдастырушылық қабілетіңізді кеңінен көрсете білдіңіз. Сіз мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін арттыру жолында аянбай еңбек етіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Қай қызметте де ел мүддесін бірінші орынға қойып, әріптестеріңіз бен замандастарыңыздың құрметіне бөлендіңіз. Адал еңбегіңіз бен елге деген шынайы қамқорлығыңыз көпшілік жүрегінде із қалдырды. Өзіңіз салған сара жолды жалғаған ұрпақтарыңыз да түрлі салада туған елге адал қызмет етіп келеді. Бұл – Сіздің парасатты тәрбиеңіз бен ұлағатты өнегеңіздің айқын жемісі. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін!, — деді аудан әкімі.
 
Нұретден Ихсанұлының еңбек жолы – елге адал қызметтің айқын айғағы. Ветеринария саласында бастаған қызметі ауылдың тұрмысын түзеуге, шаруашылықтың өркендеуіне, елдің ырысын еселеуге ұласты. Әр кезеңде абыройлы басшылық қызметтерді атқарып, туған жерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
 
Қай істің де қайырын ел мүддесімен өлшеген абзал жанның өнегелі жолы – бүгінгі жас буынға үлгі, кейінгіге мирас.
 
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі