КАЗТАЛОВТА АУМАҚТЫҚ ӘСКЕРИ-ТАКТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ БАСТАЛДЫ

КАЗТАЛОВТА АУМАҚТЫҚ ӘСКЕРИ-ТАКТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ БАСТАЛДЫ
Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиұлының қаулысына сәйкес, 11-20 тамыз аралығында Казталов ауданында аумақтық әскери-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өткізілуде. Ашылу салтанатына Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов, БҚО әкімінің көмекшісі Мақсат Мұқанов, сондай-ақ бірқатар сала басшылары қатысты.
 
Жиынға Жәнібек және Казталов аудандарынан 206 әскери міндетті азамат тартылған. Өз сөзінде аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы бұл шараның ел қорғанысын нығайтудағы және патриоттық рухты көтерудегі маңызды рөлін атап өтіп, қатысушыларға табыс тіледі.
 
- Бүгін біз ауданымыз үшін ерекше мәнге ие шараның – аумақтық әскери-тактикалық оқу-жаттығулардың ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Бұл оқу-жаттығулар – бейбіт күнде де ел қорғанысын ойлайтын, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға дайын азаматтардың бірлігін, ерік-жігерін, кәсіби даярлығын шыңдайтын маңызды кезең. Мемлекет басшысы атап өткендей, ел қауіпсіздігі – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі жаттығулар тек әскери машықты жетілдірумен шектелмейді, ол – біздің ортақ Отанымызға деген сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің айқын көрінісі. Біз бейбіт өмірдің бағасын білеміз. Бірақ бейбітшілікті сақтау – күшті қорғаныс қабілетіне, мықты рух пен темірдей тәртіпке негізделеді. Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Бұл сөз – әрбір сарбаздың жадында берік сақталуы тиіс өсиет, - деді аудан әкімі.
 
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – әскери міндеттілердің әскери білімін жетілдіру, тактикалық машығын шыңдау және төтенше жағдайларда іс-қимыл жасау қабілетін арттыру.
 
Жиынға қатысушылар аудан орталығына ауылдық округтерден жеткізіліп, қорғаныс ісі жөніндегі бөліммен үйлесімді ұйымдастыру жұмыстарының арқасында толық құраммен қамтамасыз етілді.
 
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі