КӨПБЕЙІНДІ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНА САЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

КӨПБЕЙІНДІ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНА САЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Астана қаласына жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовпен кездесті. Кездесуде салалық министрлік басшылығымен ауданда көпбейінді ауданаралық аурухана салу мәселесі талқыланды.
 
Жобаға тапсырыс беруші – БҚО құрылыс басқармасы, ал жобалаушы - «Промэнергопроект» ЖШС. Жоба құны 6,8 миллиард теңге. Жобаға сәйкес нысан құрылысы қолданыстағы аурухана ғимаратына емдеу-диагностикалық 4 қабатты корпусты жалғап салу арқылы жүзеге асып, қосымша ғимарат негізгі аурухана ғимаратымен екінші қабат деңгейіндегі галерея арқылы байланысады.
 
Аудан әкімі бұл жоба оңтүстік аудандардың тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, сондай-ақ облыс орталығына бармай-ақ сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ, аудан басшысы мәселенің оң шешімін табу үшін министрлік тарапынан қолдау көрсету қажеттігін жеткізді.
 
Вице-министр Тимур Мұратұлы аталмыш жобаның министрліктің тарапынан басым жобалардың тізіміне енгізілгенін және үкіметке қаржы бөлу жөнінде ұсыныс жолданғанын атап өтті.
 
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі