ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
 
Халықаралық жастар күніне орай, 7-8 тамыз күндері ауданымызда «Ауыл LIFE» облыстық жобасы аясында бірқатар іс-шаралар оздырылды. Жобаның алғашқы күнінде облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев облыс және ауданның белсенді жастарымен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Мирфат Бисекенов, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының директоры Аңсар Ибраев, «Ауыл LIFE» жобасының қатысушылары мен ауданымыздың белсенді жастары қатысты.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары жастармен ашық пікір алмасып, олардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, жас буын ауыл жастарының әлеуметтік белсенділігі, жұмысқа орналасу, бос уақытты тиімді пайдалану туралы ой қозғады.
 
- Кездесуде көтерілген ойлар мен ұсыныстар ауыл жастарының қоғам өміріне белсенді араласуға дайын екенін көрсетеді. Біз сіздердің жұмысқа орналасу, білім алу және бос уақытты тиімді пайдалану бағытындағы бастамаларыңызды қолдауға мүдделіміз. Әрқайсыңыздың идеяңыз – ауылдың, өңірдің дамуына қосылған үлес. Ең бастысы – алға қойған мақсаттарыңыздан таймай, жаңа мүмкіндіктерді пайдалана білу. Сіздерге әрдайым сенім артамыз және бірге жұмыс істеуге дайынбыз, - деген Қайыржан Ермекұлы жастардың белсенділігіне оң бағасын берді.
 
Жастарды жігерлендірген кездесуде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев жастар арасындағы белсенді азаматтарды атап өтіп, өз атынан алғыс хаттармен марапаттады. Құрметке ие болғандардың қатарында қайырымдылық шараларына белсене қатысып жүрген ерікті, жас кәсіпкер Дана Ермұханова, жиһаз цехын дамытып отырған кәсіпкер, меценат Ербол Аяпов, құс шаруашылығын жолға қойып, мемлекеттік грант иегері атанған Манас Асылханұлы және тәртіп сақшысы, полиция қызметкері Оразғали Оразымбетов бар.
Облыс әкімінің орынбасары жастармен бергі аудан орталығындағы «Достық» саябағында ұйымдастырылған мерекелік концертке қатысты.
 
«Ауыл LIFE» жобасы аясында белгілі шаштараз Берік Қайырша «Қайшыдағы креатив», SMM маман, блогер Әдемі Жарасова «Біздің әлем», блогер, қолөнер шебері Даражат Хапарова «Балаларымызды бүгіннен дамытайық» тақырыбында шеберлік сағаттарын өткізді. Сонымен қатар жоба қатысушылары аудандық тарихи-өлкетану музейімен және аудандық орталықтандырылған кітапханамен танысты. Ал 8 тамыз күні жоба қатысушылары өзара бақтарын сынап, ұлттық құндылықтарымыз бен ауыл тіршілігін дәріптеді. Тартысты өткен жарыста І орынды «Қосөзен» командасы иеленсе, ІІ орынды «Жарқыра» командасы, ІІІ орынды «Рух» командасы қанжығаға байлады.
 
Жобаның жабылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев жоба ұйымдастырушылары мен қатысушыларға ризашылығын білдірді.
 
- Сіздердің еңбектеріңіз ауыл өміріне серпін беріп, жаңа идеялардың жүзеге асуына жол ашты. Осындай жобалар арқылы ауылымыздың әлеуеті артып, жастарымыздың болашағы жарқын боларына сенімдімін. Бірлесіп еңбек етіп, жаңа жетістіктерге жете берейік!, - деген аудан әкімінің орынбасары әлемдік ареналарда Қазақстанның туын биікте желбіретіп жүрген, самбо және дзюдо спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Әлем және Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы Нұрбол Серіковке жерлестері атынан тұлпар мінгізді.
 
Айта кетейік, жоба Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының, Казталов ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Zaman» жастар қоғамдық бірлестігі және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
 
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі