КӘСІБИ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҚАБЫЛДАУ

КӘСІБИ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҚАБЫЛДАУ
 
Тамыз айының екінші жексенбісі елімізде «Құрылысшы күні» кәсіби мерекесі атап өтіледі. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылымен» ұштасқан мереке қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Айдар Менеев ауданымыздың құрылыс саласында еңбек етіп жүрген құрылысшылар мен кәсіпкерлерді қабылдады.
 
— Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Құрылысшы мамандығы – ең абыройлы, ең жауапты салалардың бірі. Сіздердің қолтаңбаларыңыз ауданымыздағы әрбір жаңа ғимараттан, әрбір жолдан, әлеуметтік нысандардан көрініс табады. Құрылыс – елдің экономикалық қуаты мен әлеуметтік әл-ауқатының айқын көрсеткіші. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл – сіздердің еңбектеріңізге берілген үлкен құрмет пен ерекше баға. Қандай заман болмасын, елдің өркендеуі білікті жұмысшы кадрлардың еңбегіне тікелей байланысты. Ал сіздер – сол еңбектің алдыңғы шебінде жүрген жандарсыздар, — деген аудан әкімінің орынбасары бірқатар азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.
 
Атап айтар болсақ, ауданымызда жүзеге асып жатқан газ құрылысы жұмыстарының сапалы әрі уақытылы атқарылуына қосқан үлесі үшін Айбек Мерниязұлы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін жүзеге асыру барысында ауданымызда салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарына қосқан үлесі үшін Мержан Бауыржанұлы, Берік Болатұлы, сонымен қатар ауданымыздың инфрақұрылымын дамытуға қосып жатқан үлесі үшін Батырбек Талғатұлы, Дәурен Қанатқалиұлы, Артур Талғатұлы, Эльдар Асқарұлы, 11 жылға жуық уақыт бойы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде абыройлы еңбек етіп, осы күрделі әрі жауапты салада тұрақты көрсеткіштерге қол жеткізген сала ардагері Нұржан Армисұлы алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ мерекеге орай сала ардагері Сабыржан Искаковқа естелік сыйлық табысталды.
 
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі