5 тамыз күні аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Күн тәртібіне ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен тұрғындар әл-ауқатына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Аудан әкімі алдымен Көктерек, Жаңажол, Казталов ауылдық округтерінің әкімдері мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысын таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Содан соң Жаңажол ауылдық округі әкімі қызметін атқарған Арман Алдабергеновке ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік қызметті жетілдіруге, округ тұрғындарының әл-ауқатының артуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.
Жиында алдымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Сүндетова 2025 жылдың І жартыжылдығындағы аудан бюджетінің орындалуы, негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Ол өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ішкі сауда көлемі, негізгі капиталға тартылған инвестиция көрсеткіштеріне кеңінен тоқталды.
Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласындағы даму мәселелері де назардан тыс қалмады. Бөлім басшысы Аманжол Қажығалиев шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мал азығын дайындау барысы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы жайында нақты деректермен бөлісті. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдерінің жұмысына қатысты сын айтып, өзара бірлескен жұмысты күшейту қажеттігін жеткізді. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының өткізілу барысы туралы аудандық статистика басқармасының басшысы Әділбек Лұқпанов баяндама жасап, жұмыстардың жүргізілу деңгейіне тоқталды. Аудан әкімі бұл ретте мал азығын дайындау мәселесін ерекше назарда ұстауды және санақты белсенді түрде өткізуді тапсырды.
Әлеуметтік сала бойынша да бірқатар маңызды мәселелер қозғалды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын азайту, сондай-ақ D, Е санатындағы отбасылар санын төмендету бағытындағы жұмыстарды атап өтті.
- Қазіргі таңда әлеуметтік көмек алушылардың нақты өмір сүру жағдайларын зерделеу мақсатында мобильді топтар құрылып, Казталов ауданы бойынша 206-дан астам отбасы өтініш білдіріп, оларға барып тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде шынайы мұқтаждықтары расталған 59 отбасының ішінде 331 адам саны атаулы әлеуметтік көмекке тағайындалды. Оның ішінде 180-і — әйелдер, 33 отбасы (226 адам) көп балалы 158-і балалар, олардын 220-сы 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар. Сонымен қатар, 4 мүгедек бала, 1 зейнеткер, 13 студент, 3 өзге санаттағы азамат, - деді бөлім басшысы. Бұл тақырыпты «Мансап» орталығының басшысы Эльмира Сармалаева жалғастырып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларының орындалуы жөнінде баяндама жасады.
- Мемлекет басшысының тапсырмалары, Үкіметтің міндеттемелеріне сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту біздің басты міндетіміз. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың санын азайтып, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту шараларын жүйелі түрде жүргізуіміз қажет. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға азаматтарды белсенді қатыстыру керек. Бұл бағытта кейбір округтерде жүргізіліп жатқан жұмыстар көңіл көншітпейді, - деді аудан әкімі.
Ал жер қатынастары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Назар Аманғалиев мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары бойынша баяндама жасап, жалпы алаңы 2900 га құрайтын 4 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты.
Күн тәртібінде қаралған соңғы мәселе тұрғындармен кездесулер кезінде айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелердің орындалуы және келіп түскен өтініштердің қаралу жайы болды. Бұл жөнінде аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік баяндап, бірқатар бөлім мен округ әкімі аппаратының жұмысын сынға алып, әкімдік отырысында округ әкімдерінің атқарып жатқан жұмыстарын тыңдау жөнінде ұсынысын жеткізді.
- Жауапкершілікпен, уақытпен санаспай жұмыс істеу бәрімізге де ортақ. Кейбір мәселелер өздеріңіздің, округ әкімдерінің тарапынан бақылау болмағандықтан көрсеткіштер төмен. Тиісті деңгейде жұмыс жүргізе алмай отырған бөлім басшылары мен округ әкімдеріне шара алу жөнінде ұсыныс беріңіздер, - деген аудан әкімі аппарат басшысы және бөлім, мекеме басшылары мен округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, көтерілген мәселелердің уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі