2024 жылғы 27 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысына Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Сәкенұлы Қуантыров жұмыс сапарымен келді.
Әлібек Сәкенұлы Қуантыровтың жұмыс сапары аясында облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетовтың төрағалығымен облыс әкімдігінің конференц-залында бизнес-қоғамдастықпен кездесу өтті, кездесу барысында БҚО кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Сапаргелдіұлы Өтепбаев облыстың инвестициялық жағдайымен таныстырды.
«Kazakh Invest» өңірлік блогының басшысы Марат Сағынтайұлы Есенов Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктері, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары және ұлттық цифрлық платформаның жұмысы туралы айтып берді.
Сондай-ақ, ол бүгінде елдің инвестициялық саясаты қайта қаралып жатқанын, өңірлердің инвестициялық бағдарламалары негізінде инвестицияларға тапсырыс қалыптастырылатынын атап өтті. Бұл бағдарлама импортты алмастыру шеңберінде инвестициялық жобаларды және экономиканың басым секторларындағы әлеуетті салаларды іздеуге ықпал ететін болады.
«Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің төрағасы, «Белес» компаниясы тобының бас директоры Мұрат Орынбайұлы Жақыбаев агроөнеркәсіптік кешенді дамыту әлеуетімен және бар проблемалық мәселелерімен таныстырды.
Сапар аясында облыстың бірқатар өнеркәсіптік нысандарына, атап айтқанда «Оралагрореммаш» АҚ, «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ, «КаспиМұнайКапитал» ЖШС, «Packaging Systems» ЖШС, «Квант» ЖШС, «Плайком» ЖШС барды.