Сулыкөлде заманауи кітапхана

Сулыкөлде заманауи кітапхана

 

Сулыкөлде заманауи кітапхана
22 сәуір күні Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты жаңарып жаңғырған Сулыкөл ауылдық кітапханасының салтанатты ашылуы өтті.
«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу». Осылай деген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін атап өтуді ұсынды. 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай жаңарған Сулыкөл ауылдық кітапханасы ашылды.
«Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты Сулыкөл ауылдық кітапханасын «Қазақстан халқына» қорының қаржылық қолдауымен «Тана» қоғамдық қоры модернизациялау жобасы бойынша кітапхананы қажетті заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жаңартылып, кемел келешек үшін оқырмандарға қуаныш сыйлауда. Бүгінде ауыл кітапханасы білім іздеген жастардың шығармашылығын дамытуға арналған жаңа форматтағы руханият ордасына айналды.
Модернизациялау жобасы бойынша жаңаша кейіпке енген ауыл кітапханасының ашылуы «Жаңа дәуір: жаңа қоғам – заманауи кітапхана» атауымен өтті.
Салтанатты шараға арнайы шақырылған ақын, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Мемлекеттік сыйлықтың», Руми атындағы халықаралық сыйлықтың, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Қазақстанның құрметті жазушысы» Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Әлішер Науаи атындағы және «Тұран Биримдиги» медалінің иегері, облыстық «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы, «Тана» қоғамдық қорының жоба менеджері Динара Сейітқалиева, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана жұмысына сәттілік тіледі.
Кітапхананың лентасын БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, «Тана» қоғамдық қорының жоба менеджері Динара Сейітқалиевалар қиды.
Кітапхана ішін аралаған меймандар «Шабыт алаңы», «Саз әлемі», «ІТ және дыбыс жазу студиясы», «Оқу залы» кабинеттері мен кітап сөрелері қойылған дәліздермен танысты.
Шара барысында ақын Ақұштап Бақтыгереева, Талап Таймасұлының өлеңдерін кітапханашы Ақбота Ерланқызы мен мектеп оқушылары мәнерлеп оқып берді.
Мәдени шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы:
– Бүгін – руханият пен білімнің ордасы саналатын ауыл кітапханасының жаңаша кейіпте ашылу күні. Бұл – ел ертеңіне жасалған үлкен қадам, өскелең ұрпаққа арналған маңызды тарту. Кітапханашыларымызға жаңаша бағыттағы кітапханаға оқырман тартып, жастарды, балаларды қызықтыра білудегі шығармашылық жұмыстарына сәттілік тілеймін. Аудан көлеміндегі кітапханаларды жаңғырту бағытындағы жұмыстарға аудан әкімдігі де қолдау білдіретін болады, - дей келе шараға арнайы қатысқан Ақұштап Бақтыгерееваға камзол кигізіп құрмет көрсетсе, «Тана» қоғамдық қорының жоба менеджері Динара Сейітқалиеваға алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шолпан Уразаеваға естелік сыйлық табыстап, құрмет көрсетті.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінің әншісі Сәнжан Байтеміровтің орындауында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.