Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы арқылы Қаратөбе ауданында «Қазтест» сынағының диагностикалық тестілеуі өтті.
Тест Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы №914 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында оздырылды.
Қазтест – халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің, атап айтсақ, TOEFL, IELTS (ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі) сияқты жүйелердің қағидаттары мен талаптарына негізделген, азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі.
Диагностикалық тестілеу 60 тест тапсырмаларынан тұратын тыңдалым және оқылым блоктарын қамтиды.
Аталмыш сынақтың диагностикалық тестілеуіне ауданның мемлекеттік қызметшілері және мемлекеттік қызмет көрсету мекемелерінің қызметкерлерінен 150 адам қатысты.
Тестілеу нәтижесі шамамен 10 жұмыс күні ішінде дайын болады.