
Жедел құтқару жасағына алғыс
Ағымдағы жылдың 19 наурыз күні Қалдығайты өзені тасып, су деңгейі көтеріліп, облыстық маңызы бар Жымпиты-Қаратөбе жолының 102 шақырымындағы өткелді су шайып бұзылған болатын. Сол кезде өзеннің арғы бетіндегі тоғыз елді мекенмен аудан орталығы арасындағы байланыс үзілді.
Сондай сәтте Қалдығайты өзенінің арғы бетіндегі елді мекен тұрғындарын қайықпен тасымалдау жұмыстарын жүргізген БҚО төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының қызметкерлерін аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев қабылдап, алғыс хаттар табыстады. Қоржын ауылының халқын Жақсыбай өзенінен қайықпен өткізіп, сонымен қатар Шалғын ауылындағы Шилі өзенінде мұз бұрғылау жұмыстарын да аталған жасақ қызметкерлері атқарған болатын.
Жедел құтқару жасағының қызметкерлеріне зор алғысын жеткізген аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы:
– Ауданымызда су тасқынының алдын алуда сіздердің үлестеріңіз мол. Жұмыстарыңыз үнемі жоғары кәсіптілікті және жеке қабілеттілікті талап ететін қауіп-қатермен тікелей байланысты.
Осындай қиын сәтте бізбен бірге болып, көмек қолын созған, өздерінің кәсіби міндеттерін адал атқарған сіздерге аудан тұрғындарының ризашылығы шексіз, - деді.
Қабылдауда Қаратөбе ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мэлс Искаков сөз сөйлеп облыстық жедел құтқару жасағының қызметкерлеріне алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.