«Еңбек ерлікке бастайды»

«Еңбек ерлікке бастайды»

«Еңбек ерлікке бастайды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ағымдағы жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялануына байланысты еңбек адамдарының еңбегін дәріптеу мақсатында дәл осындай атаумен бүгін Ғарифолла Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде алғашқы еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, өзінің алғырлығы мен табандылығының, еңбекқорлығының арқасында ауданда бірнеше лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған, ауданның әлеуметтік жағдайы мен экономикасын дамытуға зор үлес қосқан елге сыйлы ардагер Орынғали Ермекқалиевтің 85 жасқа толуына арналған кездесу кеші өтті.

Ең әуелі сахнадағы бейнеролик арқылы Орынғали Бәкесұлының өмірдерегі мен еңбек жолы, елге көрсеткен елеулі қызметтері таныстырылды.

Құрметті ел ағасының мерейлі жасына орай ұйымдастырылған іс-шараға «Құрылыс комплексі және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиальның төрағасы Ғарапша Сахипов, аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, Батыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы ардагерлері кеңесінің Қаратөбе аудандық филиалының төрағасы Құсайын Мұқанов қатысты.

Сахнаға мерейтой иесі, өнегелі ақсақал Орынғали Бәкесұлы құрметпен шақырылды.

Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы Орынғали Бәкесұлын 85 жасымен құттықтап, ағаның иығына шапан жапты. Сонымен қатар аудан басшысы Алғыс хатын және Батыс Қазақстан облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісін табыстады.

– Құрметті іс-шараға қатысушылар, қадірменді жерлестер бүгін ел ағасы Орынғали Бәкесұлының 85 жасқа толуына арналған кездесу кешіне келіп отырмыз. Орынғали аға осы елдің азаматы, еңбегін еліне арнаған арқасүйер ақылгөй ағамыздың бірі.

Ағаның туған күнінің өзі ерекше күн, 8-наурыз. Орынғали аға өзінің еңбекқорлығының арқасында қарапайым еңбек адамынан осындай жоғары дәрежеге жетіп, елге сыйлы болып, еңбегінің жемісін көруде, - деді Қадыржан Орынбасарұлы.

Кезінде Орынғали ағамен бірге жұмыс жасаған әріптесі «Құрылыс комплексі және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиальның төрағасы Ғарапша Әділұлы мерейтой иесі Орынғали Бәкесұлына арнаған жылы лебізін айтып, Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық кәсіподақтар ұйымының құттықтау хаттары мен марапаттарын табыстап, кезінде Орынғали ағамен бірге жұмыс жасаған Орал қаласында тұратын бір топ әріптестерінің жалынды сәлемдемелерін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған ағаның үзеңгілес әріптесі Құсайын Мұқанов та мерейтой иесі Орынағали Бәкесұлын мерейлі 85 жасымен құттықтап, "Еңбек ардагері" медалін табыстады.

Аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары Таңат Жексенбаев - «Әкелердің орны бөлек», Тұрарбек Қыдырғали – Кейде бір ағалар болады» әндерін орындап, іс-шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл сыйлады.

Кездесу кешін жүгізуші Ақылбек Амантаев, ағаға біраз сауалдар қойды. Сауалдарға байланысты Орынғали аға өзінің өткен балалық шағы мен еңбек жолы, өмірдегі арманы, Жазушылар Одағының облысымыз бойынша төрағасы болған жазушы Н.Корсуновтың Орынғали аға мен бауыры Қуаныш аға туралы жазылған «Ағайындылар» атты очеркі туралы әңгімелеп, жастарға айтар ақылын жеткізді.

Мерекелік іс-шара Сәнжан Байтеміровтың орындауындағы «Менің әкем жақсы адам» әнімен мәреге жетті.