13 маусым күні Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясын бітіруші түлектерге арнап «Қош бол, алтын ұя мектебім!» атты жас түлектерге орта білім бітіргендігі туралы аттестат табыстау кеші өтті. Мектеп бітіруші түлектерге арналған шараға аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев арнайы қатысты.
2023-2024 оқу жылын Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясын 30 шәкірт табысты аяқтады. Оның ішінде 4-еуі «Алтын белгі» иегері атанса, 11 түлек «Үздік аттестатқа» қол жеткізді.
Салтанатты кеште сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы:
– Мектеп бітіруші түлектер, сіздер алтын ұя мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам жасағалы тұрсыздар. Болашақ – білімдінің қолында демекші алдағы уақытта білімдеріңізді шыңдап, қалаған маман иесі болыңыздар. Ұстаздарыңыз бен ата-ана сенімін ақтаңыздар! – деп, мектепті «Алтын белгіге» тәмамдаған түлектерді марапаттады.
Одан соң аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, мектеп директоры Мираш Өтеғалиева шәкірттеріне ақ жол тілеп, он бір жыл оқыған білім ордасын бітіргелі тұрған түлектерге аттестаттарын табыстады.
Кеш барысында бала шақтан болашаққа қадам басқалы тұрған түлектердің жан дүниесіне шуақ шашып, көңіл төрлерінен орын алған, ең алғаш қалам ұстатып, әріп үйреткен ұстаздары Гүлнар Қамбетова, жас түлектердің ата-аналары атынан Танзила Жекенова, Еркебұлан Габдуллин, Жадыра Аққалиева мектеп бітірушілерді мерейлі қуаныштарымен құттықтап, сəтті қадам тіледі.
Мектеп қабырғасында жүріп білім сайыстары мен спорттық жарыстарында толағай жетістікке жеткен түлектердің ата-аналары да алғыс хаттармен марапатталды.
Білім шаңырағын іздерін басар сыныпқа мектеп бітіруші түлектер табыстап, алғысын жеткізді. Мектеп бітіргелі тұрған оқушылар ән шырқап, би билеп, көтеріңкі көңіл күймен қуанышқа кенелді.