Тасқынға тосқын қою – күн тәртібінде

Тасқынға тосқын қою – күн тәртібінде

Аудандық мәслихаттың мәжіліс залында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Отырысты бастаған аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы былтырғы жылы көктемгі су тасқыны кезеңінде ауданда төтенше жағдай жарияланғанын, табиғи апат салдарынан Шалғын ауылын су басып, біраз өткелдер бұзылып, жолдарды су шайғанын атап өтті. 

Аталмыш комиссия отырысында 2023 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық туралы, «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жол картасын» жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстармен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов таныстырды.

Кезегінде сөз алған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мэлс Искаков аудан аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында аудандық бюджеттен бөлінген қаражат және қазіргі таңда теңгерімінде бар құрал-жабдықтар туралы баяндады.

Күн тәртібінде қаралған техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, оның ішінде авариялық гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі туралы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрбек Ақсұлтановтың хабарламасы тыңдалды.

Шатырдың бұзылуына байланысты туындайтын төтенше жағдайларға жол бермеу жөнінде және қатты желдің әсерінен электр желілерінің үзіліп, жарықтың айрылуы мәселелері бойынша аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Сәния Омарова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, аудандық электр желілері мекемесінің басшысы Хасанғали Мырзагерей хабарлама жасады.

Комиссия отырысын қорытындылаған аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы округтер бойынша наурыз айынан бастап кезекшіліктер ұйымдастыруды тапсырды. Аудан орталығындағы және  барлық жол бойындағы шүмектердің қар, мұзбен бітеліп қалмауын үнемі қадағалауды, ауыл тұрғындарына түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.