Қыс айларына дайындық жұмыстары пысықталды

Қыс айларына дайындық жұмыстары пысықталды

24 қыркүйек күні аудандық мәслихаттың мәжіліс залында ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Комиссия отырысында аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі инспекторы Қанат Мұқанов аталмыш сала бойынша атқарылған жұмыстар мен алда атқарылатын іргелі істерге тоқталып өтті.

Аудан әкімі, комиссия төрағасы Қадыржан Сүйеуғалиев төрағалық еткен  отырыстың күн тәртібінде төтенше жағдайлардың алдын алу, жылыту маусымы кезінде өрттерді болдырмау мақсатындағы сақтық шаралары, әлеуметтік нысандардың алдағы жылыту маусымына дайындығы, қыс айларына әзірлік жұмыстары, аудандағы эпидемиологиялық, эпизоотиялық ахуалдар турасында тиісті  басшыларының хабарламалары тыңдалды. 

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мэльс Искаковтың айтуынша 2021-2022 жылдарының жылу беру кезеңінің қорытындысы бойынша аудан аумағында 3 өрт оқиғасы тіркелген. Өткен жылғы жылыту кезеңімен салыстырғанда өрт шығу жағдайы 40 пайызға төмендеген.

Ауданда 93 әлеуметтік нысан болса, соның барлығы газбен жылытылады. Аудан бойынша 276 газ қазандығы операторлары жыл сайынғы тексерістен өтіп, 25 адам жаңадан куәлік алған.

Жолдардың жағдайы, оларға көрсетілетін күтімдер туралы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Сахипов баяндады.

Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев  сала басшысы Нұржан Сахиповқа қыс кезінде жолдарды қардан аршып, тазартатуды толық қамту үшін осы кезден қосымша техникаларды жұмылдыру жұмыстарын жоспарлауды тапсырды.  

Отырыста  мал арасындағы жұқпалы ауруларға қарсы күрес, малды бірдейлендіру, бұралқы иттер мен қаңғыбас мысықтардың тым көбеюінен қоршаған ортаға  тиетін кері әсерлер кеңінен айтылды.

"Қаратөбе өңірі" газеті