Қайыржан Хасановты еске алуға арналған республикалық ақындар айтысы өтті

Қайыржан Хасановты еске алуға арналған республикалық ақындар айтысы өтті

Облыс орталығындағы “Атамекен” өнер ордасында белгілі өлкетанушы, жазушы-журналист, ақын Қайыржан Хасановтың 80 жылдығына арналған «Жырлайды Жайық» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Айтысты Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Жүрсін Ерман жүргізді.

Айтыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Ғали Есқалиев айтыскер ақындарға сәттілік тілеп, Қ.Хасановтың жары Рысты Хәкімқызына құрмет көрсетті.

Айтыстың қазылар алқасының төрағасы — «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов болса, айтыскер ақын, сазгер, журналист Бекжан Әшірбаев, қазақтың ақыны, журналист, публицист Жанарбек Әшімжан, эпик жыршы, әнші, күйші, этномузыкатанушы, фольклорист Берік Жүсіп, айтыскер ақын, әнші, термеші Жәкен Омаров,  ақын Талант Арғынғали, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері  Шолпан Қыдырниязова, ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР білім беру саласының үздігі Дариға Мұштанова, ақын-ұстаз, жұбантанушы, ҚР білім беру ісінің үздігі Үзілдік Елеубаева, айтыскер ақын, журналист Бауыржан Халиолла сынды еліміздің руханиятына елеулі үлес қосып жүрген қаламгерлер қазылық етеді.

Жыр бәйгесінде республикаға танымал он сегіз ақын бақ сынады.

Айтыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен  айтыстың Бас жүлдені Бекарыс Шойбеков (Түркістан облысы) иемденді. Жүлделі І орынды  оралдық Талғат Мықи алса, ІІ орынды Мұқтар Ниязов (Қызылорда облысы), Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы), және ақын Райымбек Өтепов (Қаратөбе ауданы) жеңіп алды. Жүлделі ІІІ орын Айбек Қалиев  (Қостанай облысы), Рүстем Қайыртайұлы (Алматы қаласы), Нұрбол Жауымбаевқа (Ақтөбе облысы) бұйырды.

Қ.Хасанов атындағы арнайы сыйлық Жайықтың Жансаясына табысталды. Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен  Біржан Байтуов (Түркістан облысы) "Арнайы сыйлық" иегерлері атанып, айтыста ел ықыласына бөленген арынды ақындар шабыттандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Айтыс соңында ақындарымызды арнайы жүлделерімен марапаттаған қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасының орынбасары М.Құлкенов Қ.Хасановтың жары Рысты Хәкімқызына "Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Кәсіптік Одағының" "Еңбек даңқы" төсбелгісін табыстады.

Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен өткен айтыстың бас демеушісі Қайыржан Хасановтың ұрпақтары.

 

"Қаратөбе өңірі" газеті