Қадірлі қаламгерді еске алу кеші өтті

Қадірлі қаламгерді еске алу кеші өтті

16 қыркүйек күні Қаратөбеде өлкетанушы, журналист, шежіреші, ақын, прозаик, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Қайыржан Хасановтың 80 жылдығына арналған еске алу шарасының бір парасы аудандық мәдени-демалыс орталығында «Қажырлы қадам, қадірлі қалам – тау тұлға» атты сазды кеш өтті.

Еске алу кешінде алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев Қайыржан Төлегенұлының еңбек жолы, еңбектері туралы сөз қозғады.  

Кеш барысында Қайыржан Хасановтың жары Рысты Бижанова барша ұйымдастырушыларға, кешке арнайы келген меймандарға алғысын айтса, кенже ұлы Нұржан Хасанов әкесінің елге танымалдылығынан бөлек ерекше қырларына тоқталып өтті.

Айтулы кеште Қайыржан Хасановтың замандастары Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Тілекқабыл  Сағынов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандитаты Рита Сұлтанғалиевалар Қайыржан Хасановтың шығармашылық қырына, ізденімпаздығы мен ел мен жер тарихын түгендеуге қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталып өтті.

Кеш барысында сөз сөйлеген Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Президент» сыйлығының лауреаты, «Достық» орденінің иегері, «Өлке» баспасының бас директоры Мереке Құлкенов, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев пен Алаштанушы, жазушы, ғалым, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Елдос Тоқтарбай айтулы қаламгердің Алашордашылар тарихын зерттеудегі еңбегін атап өтіп, өлке тарихын терең зерттеген шығармашылық адамының мұрасы мәңгілік екендігін тілге тиек етті.

Республикалық «Шалқар» радиосының аға редакторы Мейрамгүл Нығметова, Қайыржан ағамыздың шәкірті, фототілші Рафхат Халелов Қайыржан Хасановтың ұстаздық көрегенділігіне, парасат-пайымы биік тұлғалық қасиетіне тоқталды.

Қайыржан Хасановты еске алуға арналған кеште мектеп оқушылары ақынның «Туған жер», «Ақ Жайық», «Өткеніме», «Кел, өлең», «Өмір» атты өлеңдерін нақышына кетіріп орындап берді. Сондай-ақ, сазды кеште аудандық мәдени-демалыс орталығының әншілері «Қаратөбем», «Жанжарыма», «Қоскөл кеші», «Ауылды аңсау» және Мұхиттың «Зәуреш» әндерін әуелете шырқап, күмбірлеген күйге де кезек берілді.

Тағылымы мол шараны қорытындылап сөз сөйлеген  аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы бүгінгі кешке атсалысқан барша қонақтарға, айтыскер ақындарға ризашылығын білдіріп, шараның қадірлі мейманы, ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Сонымен қатар Қ.Хасановтың ұлы, облыстық мәслихаттың депутаты Ержан Хасановқа «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыс етті.

 

"Қаратөбе өңірі" газеті