Меморандумға қол қойылды

Меморандумға қол қойылды

16 қыркүйек күні белгілі қаламгер, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Қайыржан  Хасановтың 80 жылдығына арналған еске алу шарасында ақын атына арнайы ашылған «Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейін» Қаратөбе ауданы әкімдігіне табыстау үшін меморандумға қол қою рәсімі  жүргізілді.

Сондай жобаның бірегейі Алаш сиезі өткен жерді одан әрі ұлықтау, Қайыржан Хасановтың еңбектерін өскелең ұрпаққа жеткізу, дәріптеу мақсатында  2019 жылдың тамыз айында музейдің іргетасын қалап,  2020 жылдың 28 желтоқсанында пайдалануға берілген болатын. Ауданымызда Алаш арыстарына және Қазақстанның батыс өңіріне кеңінен танымал журналист, өлкетанушы Қайыржан Хасановтың құрметіне «Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі»  100 миллион теңгеден астам қаражатқа салынып, халық игілігіне жұмыс жасай бастады.

Өлке тарихынан терең сыр шертетін Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейін Қаратөбе ауданы әкімдігіне тапсыру үшін меморандумға қол қою рәсімін Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев пен Қайыржан Хасановтың ұлы Нұржан Хасанов  жүргізді. 

Меморандумға қол қоюға арналған тарихи сәтте сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы ауданымызға үлкен тарту жасаған Қ.Хасановтың ұлдарына аудан тұрғындарының атынан ризашылығын жеткізді. Өлкеміздің тарихынан терең сыр шертетін музей болашақта өскелең ұрпақтың кәдесіне жарайтындығына сенім білдірген аудан басшысы аталмыш музейдің директоры лауазымына тағайындалған Сәбит Хасановты жиналған көпшілікке таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Кезегінде сөз сөйлеген Қ.Хасановтың кенже ұлы Нұржан Хасанов жеке қаражаттарына салынып аудан әкімдігіне берілгелі отырған музейдің бой көтеруіне атсалысқан, ондағы жәдігерлердің жинақталуына қолғабыс жасаған барша жерлестерге алғысын жеткізді.

"Қаратөбе өңірі" газеті