Іске жауапкершілік – қоғам талабы

Іске жауапкершілік – қоғам талабы
25 қаңтарда Қаратөбеде аудандық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібіне сай аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтың, қоғамдық кеңес төрағасы Рамазан Қыдырашевтің, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешовтың 2021 жылы атқарылған жұмыстары тыңдалды.
Аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы жыл ішінде ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, алда жасалатын келелі істер мен міндет-мақсаттарға тоқталды.
Қадыржан Орынбасарұлы аудандағы барлық салалар бойынша атқарылған жұмыстар туралы егжейлі-тегжейлі айтып, өткен жылы іске аспай қалған 5 мәселеге тоқталды.
Жыл ішінде ауданда біраз жұмыстар жүрді. Оған аудан тұрғындары куә. Жалпы, жасалған жұмыстың көрініп тұрары хақ. Ауыл ішілік жолдар асфальтталды. Жаяу жүргінші жүретін арнайы жолдар салынып, олардың бойына жарық шамдар орнатылды. Халықты ауызсумен қамту мәселесі іске асып, ол 93,1 пайызды құрап отыр. Ауызсу мәселесі ауданда алдағы уақытта түбегейлі шешілмек.
Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Рамазан Қыдырашев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Меңдешов өз хабарламаларында есепті кезеңде атқарған жұмыстарды баяндады.
Мәслихат хатшысы Нұрлан Құмарұлы мәслихат шешімдерінің орындалуы, мәслихат сессияларында халыққа қызмет көрсететін бірнеше мемлекеттік мекемелер басшыларының сала жұмыстары туралы есептерінің тыңдалғанын, халық қалаулылары, мәслихат депутаттарының атқарған жұмыстары туралы айтса, Рамазан Зинеденұлы қоғамдық кеңес тарапынан бақылау жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілгенін, сонымен қатар кеңес бойынша атқарылуға тиіс бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
Аудандық кеңес мүшесі Махсот Ермеғали, облыстық мүгедектер қоғамы Қаратөбе аудандық филиалының төрағасы Еркінбек Жәнібеков аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтың, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Рамазан Қыдырашевтың, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешовтың жыл ішінде атқарған жұмыстарына оң бағаларын беріп, ауданда атқарылған жұмыстармен қатар аудан өміріне қатысты өз ой-пікірлерін айтты.
М.Ермеғали қандай да болмасын қолға алынған істі жүзеге асыру жолында үлкен жауапкершілік пен ыждағаттылық қажет екендігін, қазір халықты қинап тұрған азық-түлік және басқа да тауарлар бағасының жоғарылауына байланысты, бағаны тұрақтандыру мақсатында бақылау жұмыстарын жүргізуді тілге тиек етсе, Е.Ғаббасұлы көше тұрғындарына ауадай қажет балалар ойын алаңын салу қажет екендігін жеткізді.
Отырысты қорытындылаған аудан басшысы Қ.Орынбасарұлы:
– Қолға алынған міндеттерді орындауда үлкен жауапкершілікпен жұмыс жүргізуіміз керек. Жақында ауданның солтүстігіндегі елді мекендерде газ, жарық өшіп қалған кезде ауыл әкімдерінің күні-түні ыждағаттылықпен жүргізген жұмыстарының арқасында жағдай қалыпқа келтірілді. Халыққа сапалы қызмет көрсету біздің басты міндетіміз болғандықтан, осылай бірлесіп жұмыс жасауымыз қажет», - деді.
 
"Қаратөбе өңірі" газеті