Сала қызметкерлері марапатталды

Сала қызметкерлері марапатталды
Бүгін Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі аясында «Ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» мерекесіне орай Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара оздырылды.
Аталмыш салтанатты шарада аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдің ауылшаруашылығының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан бір топ ауыл еңбеккерлеріне марапаттаулар табыстады.
– Халықтың әл аухаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауылшаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері ауылшаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекеттік арнайы бағдарламалардың арқасында еліміздің ауылшаруашылығы жаңа деңгейге көтерілді. Біздің ауданымыздың негізгі бағыты ауылшаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығына бағытталған. Соңғы 3 жылда мал басы саны артты. Малды асылдандыру жұмыстары қолға алынды.
Тәуелсіздік жылдары ауданымыздың ауылшаруашылығы саласында басқа да көптеген іргелі істер атқарылды. Алға қойған міндеттерді орындауда алдағы уақытта да жергілікті атқарушы орындар тарапынан сіздерге қолдау көрсетіле береді. Мемлекет тарапынан берілген тапсырмаларды орындау жолында сіздермен бірлесе жұмыс жасаймыз деген зор сенімдемін, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Мерекелік жиында Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» Қаратөбе ауылдық округіндегі «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі Ғабит Мақанов, ҚР Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Елеулі еңбегі үшін» медалімен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық фитосанитария және болжамдар әдістемелік орталығы» Республикалық мемлекеттік мекемесі Қаратөбе аудандық филиалының басшысы Бейбіт Тойшыбаев пен Егіндікөл ауылдық округіндегі «Маңғы» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Жұмағалиев, ҚР Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық фитосанитария және болжамдар әдістемелік орталығы» Республикалық мемлекеттік мекемесі Қаратөбе аудандық филиалының аутокөлік жүргізушісі Жанболат Бексегуров, ҚР Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Құрмет грамотасымен» Қоскөл ауылдық округініндегі «Мөлдір» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеуәлі Каримов және аталмыш округтегі «Қоскөл 07» өндірістік кооперативінің төрағасы Зинел Есенғазиев, Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасы басшысының алғыс хатымен аудандық ветеринариялық зертханасының санитары Гүлайым Жаңабаева мен аудандық ветеринариялық станциясының Қаракөл ауылдық округі бойынша мал дәрігері Замира Садақбаева марапатталды.
Қоскөл ауылдық округі аудан әкімінің алғыс хаты мен «Мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысқан үздік ауылдық округі» аталымына ие болды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы жергілікті ауылшаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Дәулетжановтың, аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің алғыс хаттарымен бір топ сала қызметкерлері марапатталды.
Мерекелік шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ауылшаруашылығы қызметкерлері аудан әншілері Мерей Амагельдиевтің, Мира Байтемірованың, Сақтаған Мемлекетовтың Рүстем Ақташев пен Аяжан Исмағұлованың, Таңат Жексенбаевтың орындауындағы әндерді тамашалады.
 
"Қаратөбе өңірі" газеті