Оқу-жаттығу шарасы өтті

Оқу-жаттығу шарасы өтті
Қазанның 8-і күні аудан орталығында оқу-жаттығу шаралары жалғасты. Алдымен таңғы сағат 7-де дабыл қағылып, аудан бойынша 12 Азаматтық қорғау қызметтері құрамдары сапқа тұрды.
Оқу-жаттығуға қатысушы азаматтық қорғау қызметтерінің барлығы төтенше жағдайда қолданылатын техникалары мен қажетті құралдарын жұмылдырды.
Азаматтық қорғау құрамдарының жетекшілері аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиевке, Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Данияр Тілеуханов пен Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Айбар Қалиевке күн тәртібіндегі кешенді оқу-жаттығу жұмыстарына дайын екендіктерін баян етті.
Үш жылда бір өтетін кешенді оқу-жаттығудың жеті кіріспесіне сай іске кіріскен азаматтық қорғау қызметтері құрамдарының төтенше жағдай кезінде әрекет етудегі жұмыстарының нәтижесі әуел бастан-ақ көріне бастады.
Ғимараттан шыққан өртті сөндіру, адамдарды құтқару мақсатында ғимараттан шығару, зардап шеккендерге дәрігерлік көмек көрсету, көліктің газ құбырына соқтығысуынан туындаған оқиға кезіндегі іс әрекеттер, мал арасындағы аса қауіпті жұқпалы аурдың алдын алу, көліктегі өрт сөндіріліп, көлік ішіндегі жүргізушіге көрсетілген медициналық жәрдем, далалық өрттерді сөндіру, болған оқиғаны тексеру жұмыстары жақсы көрініс тапты. Аудандағы азаматтық қорғау қызметтерінің халықты төтенше жағдайларға әрекет етуге дайындау, оқу-жаттығу кезінде төтенше жағдайдың алдын алу, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдай қауіпі төнген немесе орын алған жағдайда оларды жоюға бағытталған дайындықтары жаман емес.
Оқу- жаттығу жұмыстары қорытындыланып, жақсы нәтиже көрсете білген бір топ азаматтық қорғау қызметтерінің жетекшілері мен мамандары Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының алғыс хатымен марапатталды.
– Оқу-жаттығу өз деңгейінде өтті. Азаматтық қорғау қызметтерінің жаттығуларды орындаудағы дайындықтары көрініп-ақ тұр. Құрамдардың бір-бірімен байланыстары жақсы. Жалпы оқу-жаттығу ұйымшылдықпен өтті,- деді Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Данияр Тілеуханұлы.
Қорытынды жиында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Рашит Нәсіпқалиұлы оқу-жаттығу барысында ескерілмей қалған кейбір мәселелердің назарда ұсталатындығын айтып, облыстан келген өкілдерге қаратөбеліктер атынан ризашылығын білдірді.
 
"Қаратөбе өңірі" газеті