Жеңімпаздарды аудан әкімі қабылдады

Жеңімпаздарды аудан әкімі қабылдады
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Азия чемпионатында қол күресінен жеңімпаз атанған Ержан Ерболат пен жүлделі ІІ орынды иемденген Жандарбек Ниязовты аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев қабылдады.
Аудан спортының тарихында толағай жетістікке жеткен жас спортшыларды жеңістерімен және олардың бапкерін шын жүректен құттықтаған аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев:
– Сіздер аудан айбынын асқақтатып, Азия чемпионы атандыңыздар. Бұл еліміздің, қала берді ауданымыздың спорт саласы үшін үлкен жетістік, мақтаныш. Болашақта әлі де талай биіктерден көрінетіндеріңізге сенімім мол. Алдағы уақытта жастарымыздың биік белестерді бағындыруларына аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсететін боламыз, - деді.
Аудан басшысымен жүздесуде жас спортшылардың бапкері Нұрхат Нысанов сөз алып, спортшылардың республикалық, халықаралық жарыстарға баруы үшін тиісті деңгейде қолдау көрсетілсе үздік нәтижелерге қол жеткізуге болатындығына тоқталды.
Естеріңізге сала кетейік жуырда Алматы облысында қол күресінен ХІХ Азия чемпионатында 55 келі салмақта жастар арасында Ержан Ерболат І орын алып чемпион атанса, ерлер арасында Жандарбек Ниязов жүлделі ІІ орынды иемденіп, күмістен алқа таққан болатын.
Кездесу соңында аудан әкімдігі атынан чемпиондар мен олардың бапкеріне алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.