Әлеуметтік нысандарды аралады

Әлеуметтік нысандарды аралады
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ауданымызда болып, аудан орталығындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатырған бірқатар әлеуметтік нысандардағы құрылыс жұмыстарының барысымен және аудан орталығындағы Мұхит атындағы орта мектеп пен Қаратөбе мектеп-гимназиясының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.
Өңір басшысының орынбасары Б.Нарымбетов алдымен күрделі жөндеуден өткен «Қаратөбе» спорт клубы ғимаратындағы атқарылған құрылыс жұмыстарын көрді. Нысанға жүргізілген жөндеу жұмыстарымен спорт клуб басшысы Екпін Тналиев таныстырды.
Б.Нарымбетов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында медігер «Dizain-D.A.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күрделі жөндеуден өткізіп жатырған үш қабатты аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мекемесі ғимаратындағы жөдеу жұмыстарымен танысты.
Осы уақытқа дейін нысанда бірқатар жөндеу жұмыстарының жүргізілгендігін, алда атқарылуға тиіс жұмыстарды баяндаған аталмыш компанияның өкілі жөндеу жұмыстарын қазан айында аяқтайтындарын айтты.
Аудан орталығындағы қос мектептің директорлары білім ошақтарының жаңа оқу жылына әзірлігі туралы әңгімелеп, мектептердің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Бұдан кейін Бақытжан Хаберұлы жаңадан ашылған Алаш және белгілі қаламгер Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейінде болып, өлке тарихымен танысты.
Жөндеу жұмыстары мен әлеуметтік нысандарды аралаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен бірге аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан мен тиісті мекеме басшылары жүрді.
"Қаратөбе өңірі" газеті