Қаратөбеде сал Мұхиттың 180 жылдық мерейтойы аталып өтуде

Қаратөбеде сал Мұхиттың 180 жылдық мерейтойы аталып өтуде
Бүгін Қаратөбе ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында халық композиторы, әнші, ақын Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына арналған «Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы басталды.
Мұхит бабаның мерейтойына арналған байқауға қатысушы үміткерлерді, баба ұрпақтары мен шара қонақтарын аудан шекарасынан қарсылаған Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев бастаған топ қазақы дәстүрмен ақ дәм ұсынып, құрмет көрсетті.
Мерейтойлық шараға келген меймандар алдымен орталық алаңда орналасқан Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Бұдан соң үш жүзге ән оздырған жезтаңдай әнші Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына арналған «Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» атауымен аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі әншілер байқауы басталды.
Мерекелік шараның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев сал Мұхиттың шығармашылығын насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Алты алашқа ән оздырған Мұхит бабамыздың әндерін орындаушылар арасындағы республикалық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 17 үміткер қатысуда. Кәсіби әншілер додаға түсетін байқау үш кезеңді қамтиды.
Баба мұрасын насихаттаушы дәстүрлі әншiлерге «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің, «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі, қазылар алқасының төрағасы Қайрат Кәкімов бастаған Сәуле Жанпейісова, Сағадат Рахметжанов, Ербол Айтбаев, Армат Еслямғалиев, Серік Абдрахманов сынды өнер майталмандары қазылық етуде.
"Қаратөбе өңірі" газеті