Жерді мақсатты пайдалану – күн талабы

Жерді мақсатты пайдалану – күн талабы
Маусымның 9-ы күні шаруа қожалықтарының иелігіндегі жер телімдерін мақсатты пайдалану, округтерде ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру, қысқы мал азығына дайындық мәселелерін пысықтау мақсатында Саралжын және Аққозы ауылдық округтерінде алқалы жиын өтті.
Аталған жиында жұмысшы топтың шаруалармен кездесуінің мақсатын түсіндіріп өткен аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев сөз кезегін аудан прокуроры Алмас Таспиховқа ұсынды.
Қожалық жетекшілерінің иелігіндегі жер телімдерін мақсатты пайдаланулары күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселе екендігіне тоқталған Алмас Төрекелдіұлы:
– Жер айналымда болуы керек, оны ұтымды ұқсатып, барынша тиімді пайдаланған абзал. Шаруа қожалықтары өздерінің иелігіндегі жерлерге қыстақ салып, малын сол жерде жайған жөн. Шаруалар алған жерлерін мақсатты пайдаланбаса мемлекетке қайтару жөнінде жұмыстанатын боламыз, - деді.
Басқосу барысында сөз сөйлеген аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Бозовтың айтуынша Саралжын ауылдық округі бойынша тіркелген 28 шаруа қожалығының 9-ы ғана қыстақта отыр, қалғандары ауыл орталығында отыр. Қожалықтардың 20 шақтысы жазда жерлерін шабумен ғана шектеліп отырған көрінеді. Сондай-ақ, Нұрбол Беркінұлы шаруашылығын кеңейтіп, жер алғысы келетін азаматтарға жерді беру тәртібі мен талапьтары жөнінде түсінік беріп өтті.
Кезегінде сөз алған аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосов ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдіктерін пайдалану, субсидия алып мал басын асылдандыру жұмыстарымен айналысуға, жеңілдетілген бағамен ауыл шаруашылық техникаларын алуға кеңес берді. Ауыл азаматтары бірігіп ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерін құрудың тиімді тұстарын атап өтіп, қолдарындағы тракторларын уақтылы техникалық байқаудан өткізуге міндетті екендіктерін ескертті.
Түс ауа Аққозы ауылдық округінде жиын өткізген жұмысшы топ Жер кодексіне сай шарттарды орындау, мақсатсыз пайдаланылып келген жерлерді мемлекетке қайтару шараларына қатысты заңдылықтарды түсіндіріп, шаруа қожалықтары жетекшілерінің сауалдарына жауап берді. Орақ науқанына кіріскелі отырған қожалықтарға ауыл халқына шөп бағасын шамадан тыс көтермеу мәселесі де әңгіме өзегіне айналды.
Басқосу соңында аудан прокуроры Алмас Таспихов ауыл тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.