Ауылішілік жолдарды жөндеу басталды

Ауылішілік жолдарды жөндеу басталды
Қаратөбе ауылындағы көше жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары басталды.
Жолдың қоғам өміріндегі орны айырықша. Аудан тұрғындары жолдарды жөндеу туралы жиі айтып келеді. 
Осы өзекті мәселеге байланысты аудандық тұрғын ұй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Сахипов бұл маңызды мәселеге байланысты ойын төмендегіше сабақтады.
- 2020 жылдың қазан айында Айтқожин, Тоққожин көшелерін С.Датов және М.Нысанов көшелерінің тоғысуымен қайта жаңғырту жұмыстары басталып, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша «Ануш Құрылыс» ЖШС (мердігер) жеңімпаз болып танылды. Мердігер аталған көше жолдарын жаңғырту жұмыстарын бастап, ауа райының қолайсыздығынан (күннің күрт суытуы, жауын шашын) жұмыстарын тоқтатқан болатын. Бүгінгі күнде Мердігер аталған жұмыстарды қайта бастады.
Сонымен қатар биылғы жылы Қаратөбе ауылындағы тоғыз көше жолдарын қайта жаңғырту бойынша қосымша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз болып тағы да «Ануш Құрылыс» ЖШС танылды. Келісім шарт жасақталды. Атап айтсақ Алтынсарин, Ә.Молдағұлова, М.Бекімов, Әубакіров, Жангіров, Құрманғалиев, Дәулетова, С.Датов және №3 көше жолдары қайта жаңғыртылатын болады. Барлық жұмыстар биылғы жылы аяқтау жоспарда.
Алдағы 2022-2025 жылдар аралығында Қаратөбе ауылындағы Ұзақ күйші, М.Маметова, Наурызалин, Құрманғазы, №4 көше (67 тұрғын үй), Малабаев, Абай, Мұхит, Жұмақаев көшелерін және Шөптікөл, Сулыкөл, Жусандой, Қоскөл, Егіндікөл, Қарақамыс, Ақтайсай, Қоржын ауылдарына дейінгі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу орташа жоспарлануда, - дейді Н.Сахипов.