Екпе ерікті түрде егіледі

Екпе ерікті түрде егіледі
Ауданымызда коронавирус індетіне қарсы екпе егудің бірінші кезеңі басталған болатын. Бүгінде аудан бойынша «Спутник V» вакцинасының алғашқы дозасын жүзден астам адам салдырды. Басым бөлігі – медицина саласының қызметкерлері.
COVID-19 инфекциясымен күресетін «ГамКОВИД-Вак» («Спутник V») вакцинасының алғашқы легі ауданға 9 наурыз күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоймасынан әкелінді. Жалпы, вакцинация екі кезеңде жүргізіледі: бірінші екпе жасалғаннан кейін екіншісі 21 күннен соң егіледі. Егу ерікті және тегін түрде жүзеге асады.
Вакцина бірінші кезекте коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына, яғни медицина қызметкерлері мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлеріне салынады. Бүгінде аурухананың медицина мамандары, сондай-ақ мұғалімдер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірқатары ерікті түрде екпе алып жатыр. Егуден кейінгі асқыну тіркелген жоқ.
Бұдан бөлек, тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу шаралары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Айта кетейік, вакцинацияға профилактикалық егуге қарсы көрсеткіші жоқ адам жіберіледі. Екпе қабылдамас бұрын әр адам міндетті түрде медициналық тексеруден өткізіледі. Ең алдымен вакцина алатын адамды дәрігер толық тексереді, анамнез алынады. Пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы келісімге қол қояды. Егер ол барлық процедураны жасауға келіссе, 21 күннен кейін вакцинаның екінші кезеңіне де келуі керек. Бірінші дозаны алған соң карантинге оқшауланудың қажеті жоқ дейді мамандар. Алғашқы доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам ағзасындағы антиденелер саны артады.
– Қазіргі таңда әлемді жайлаған індеттің, яғни коронавирус инфекциясының алдын алудың бірден-бір жолы – вакцинация. Екпе егу – адам ағзасына арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы белгілі бір жұқпалы аурудан алдын ала сақтандыру үшін қолданылатын әдіс. Вакцина қарсы көрсеткіші жоқ адамдарға егуге рұқсат етілген. Екпе алдында дәрігер пациентті міндетті түрде тексереді. Пациент алдымен вакцина жайлы толық ақпарат алады, кейін жазбаша келісімге қол қояды. Егер вакцина алуға дәрігер рұқсат берсе, екпе медбикесі вакцинаны егеді. Вакцина алғаннан кейін 30 минут арнайы күту залында медицина қызметкерінің бақылауында болады және үш күн бойы медициналық қадағалауға алынады. Екі сатылы вакцина арасындағы интервал 21 күн. Аудан бойынша бүгінге дейін тәуекел тобына жататын 115 тұрғын екпемен қамтылды. Олар: медицина қызметкерлері, мұғалімдер, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, учаскелік полицейлер, созылмалы ауруы бар адамдар. Профилактикалық егудің мақсаты – ұжымдық иммунитет қалыптастыру, – дейді аудандық аурухананың дәрігері Румия Есполқызы..
– Ерікті түрде екпе салдырдым. Алдын ала денсаулық жағдайымды тексерген соң барып вакцина жасаттым. Кері әсері болған жоқ. Ешқандай жайсыздық сезінбедім. Басында кішкене қызуладым. Қазір жағдайым жақсы, бірқалыпты. Бұйырса, екінші дозаны қабылдаймын, – дейді Мұхит орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мейрамбек Аманжолұлы.
– Коронавирус инфекциясына қарсы «Гам-КОВИДВак» вакцинасының бірінші дозасын аудандық ауруханада салдырдым. Вакцина алғаннан кейін 30 минут медицина мамандарының бақылауда болдым. Ешқандай ауырсыну болған жоқ, өзімді жақсы сезіндім, вакцина алысымен жұмысыма оралдым, – дейді Қаратөбе аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гауһар Дүйсеғалиева.
Қайталап айтамыз, елімізде екпе егу ерікті түрде жүргізіледі. Қазақстан Республикасының «Адамдар денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық процедура, оның ішінде вакцинация азаматтардың келісімімен ғана жүзеге асады. Ол үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Өзіңіздің және жақыныңыздың денсаулығы үшін қоғамдық орындарда сақтық шараларын сақтап, әлеуметтік қашықтық пен медициналық бетперде тағып жүрулеріңізді сұраймыз!
Үміт ШУРИНА, "Қаратөбе өңірі" газеті