Ауған соғысы ардагерлерімен әсерлі кездесу

Ауған соғысы ардагерлерімен әсерлі кездесу
Ақтайсай мәдениет үйінде Кеңес әскерлерінің Ауған елінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай «Ауғанның от жалыны» атты ауған ардагерлерімен кездесу кеші оздырылды. Кешке аудан орталығынан ауған соғысының ардагерлері Ерболат Сағынбайұлы мен Батырбек Құсанұлы және мектеп оқушылары сынып жетекшілерімен шақырылды.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, жастарға аға-әкелерінің интернационалдық борыштарын өтеудегі ерліктерін насихаттап, елін, жерін сүйуге үйрету кештің мақсаты.
Кеш барысында Ақтайсай мәдениет үйінің директоры кешті ашып, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін 1 минут үнсіздіктен кейін кеш қонақтарын сахна төріне шақырып, сөз кезегін ұсынды. Одан әрі шақырылған қонақтар естеліктерін, жастарға ақыл-кеңестерін айтып, көрермен сұрақтарына жауап берді. Қаракөл жалпы орта білім беретін мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Сүйіндік Нұғыманов оқушылар арасында әскери спорттық ойын түрлерінен жарыс оздырып, жеңімпаздарды марапаттау құрметі ауған соғысының ардагерлері Ерболат Сағынбайұлы мен Батырбек Құсанұлына бұйырды.
Шарада халықтық «Елім-ай» әжелер ансамблі «Солдат сағынышы» әнін және Ерболат Ғазезұлы «Офицеры» әнін музыкалық сәлем ретінде жолдады. Кеш соңында қонақтарға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Кешті ұйымдастырушылар келген қонақтарға алғыстарын білдіріп, рахметтерін айтса, Ауған соғысы ардагерлері барша ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын жеткізді.