Қоскөлде тындырылған іс көп

Қоскөлде тындырылған іс көп
Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес 18 қаңтарда Қоскөл ауылдық округінде аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан менҚоскөл ауылдық округінің әкімі Қанат Мұратұлының халық алдындағы есептік кездесуі жалғасты.
Ауылдық округ әкімі Қанат Мұқановтың есептік баяндамасында округтегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік салалары және жастар саясаты, рухани жаңғыру бойынша атқарылған жұмыстар толық қамтылды.
– Шағын және орта бизнесті дамыту заман талабы. Округте 38 шағын кәсіпкерлік субьектісі тіркеліп, жұмыс жүргізуде. Халыққа қызмет көрсету бағытында 6 дүкен, 2 тойхана, 1 автокешен қызмет көрсетеді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 3 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. «АШҚ қорынан» 5 адам 14,9 мың теңге көлемінде несие алып, мал басын көбейту мақсатына мал шаруашылығымен айналысуда. 14 адамға 7,7 мың теңге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант берілді,-дейді ауыл әкімі Қ.Мұқанов есептік баяндамасында.
Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан округтегі басты мәселерге тоқталып, округте өткен жылғы есептік кездесуде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Шалғын ауылына су құрбырын тарту бойынша жұмыстардың сметалық жобасы жасалып, алдағы уақытта қолға алынатындығын айтты.
Ауыл тұрғыны Серік Нығметов көптен айтылып келе жатырған жол мәселесіне байланысты облыс әкіміне жолдаған өтінішіне сай ауыл тұрғындарын облыс әкімі Ғали Ескалиевтің жазбаша жауабымен таныстырды. Серік аға жол қиындығын туындататын «Шымкент-Самара» тас жолы бойындағы Қоскөл ауылына дейінгі 9 шақырым және атаулы тас жолдан Ханкөл ауылына дейінгі жол аралығындағы жол азабын күнде көріп жүрген екі ауыл жолаушыларының жағдайын ескеріп, жанашырлық танытса керек.
Ауыл ақсақалы Даниял Харесов ауыл маңындағы Есжан, Теміртай көлдерінің арнасын кеңейтіп, ауыл тұрғындарының малын сумен қамтуды алға тартса, жастар атынан сөйлеген Жақсылық Мұханбет ауыл жастарының уақытын тиімді өткізуіне ауадай қажет спорт алаңын салу, сонымен қатар студент ауыл жастарының онлайн арқылы оқуына мүмкіндік болмай отырғанын тілге тиек етті.
Жиынды өз ойларын ортаға салған ауыл ақсақалдары Серік Нығметов пен Даниял Харесов аудан және ауыл әкімдерінің өткен жыл бойынша атқарған жұмыстарына оң баға берді.