Егіндікөлде мал басының саны өскен

Егіндікөлде мал басының саны өскен
Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің ауыл тұрғындары алдындағы есеп беру кездесуі жылдағы дәстүрге сай ауданның солтүстігіндегі қос округ Егіндікөл және Қоскөл ауылдарынан бастау алды.
Егіндікөл ауылдық округінде өткен жиында ауыл әкімі Ермек Сайнов алдымен слайд арқылы ауылдық округте жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап, алда атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.
Ауыл әкімінің айтуына қарағанда ауылдық округ ауызсумен толық қамтылған. Аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі теңгеріміндегі терең скважиналық құдық арқылы 151 үйге, 8 мекемеге ауыз су құбыры тартылған. Ауылдағы 92 үйге көгілдір отын кіргізіліп, барлық әлеуметтік нысандар көгілдір отынмен қамтылған.
– Округтің басты бағыты ауылшаруашылығы. Ауыл экономикасының негізгі көзі мал шаруашылығы болғандықтан жалпы мал басы саны өсіп келеді. Өткен жылдың бірінші қаңтарына мүйізді ірі-қара малы саны 2858 бас болса, биылғы 1 қаңтарда 3240 бас болып 13 % өсіп отыр. Ал ұсақ мал қой-ешкі өткен жылы 5561 бас болса, үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарында 6742 бас болып, 21 %, 2020 жылдың бірінші қаңтарына жылқы 293 бас болса, ал биылғы жылғы бірінші қаңтардағы есепке сай 318 басқа толығып, 9 % өсіп отыр. Өткен жылдың бірінші қаңтарына құс саны 1000, ал биылғы қаңтардағы есепке сай құс саны 1040 болып, 4 % өсті.
Мал басын асылдандыру және малдан алынатын өнімдер сапасын арттыру мақсатында ауылымызда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар істелді.
Мемлекеттік бағдарламалар тарапынан техникаларымыз жаңартылып, мал басының саны артты.
Пандемия кезінде ауыл кәсіпкерлері, шару қожалықтарының жетекшілері ауылдағы аз қамтылған отбасыларға көп көмек жасады.
Қиын кезеңде қажырлы еңбек еткен ауыл дәрігерлері мен жанашырлық танытып, демеушілік жасаған ауыл еріктілеріне айтар алғысымыз шексіз, - дейді ауыл әкімі Ермек Бекболатұлы.
Округтегі жылдық есеп жиынында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы пандемияға байланысты қиындықпен өткен 2020 жылы эпидемиологиялық ахуал жағдайында ауданда атқарылған толайым жұмыстар туралы айтып, өткен жылғы есеп беру жиынында ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Ж.Сұлтан аталмыш округтегі халықтың әл-аухатын көтеру мақсатында алдағы уақытта атқарылуы тиіс маңызды істерге тоқталып, өз ойын ортаға салды.
– Ауыл экономикасының негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан мал басының санын арттыру басты мақсат.
Егіндікөл ауылы мал өсіруге өте қолайлы жер. Ауыл әкімінің баяндамасында айтылғандай «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Еңбек-Марқа» бағдарламасына сай жыл ішінде біраз отбасы мал алған. Ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан қарастырылып отырған осындай жеңілдіктерді пайдаланып, мал басы санын көбейту арқылы отбасы жағдайын көтерулері тиіс.
Округ бойынша 9 сәби дүниеге келген. Бұл төмен көрсеткіш.
Халықты ауылға тұрақтандыру мәселесіне де үлкен мән беруіміз керек.
Пандемияға байланысты мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер көрсетілді. Еріктілер жылында жұқпалы дертке байланысты ауданда да көптеген қайырымдылық істер атқарылды. Оның бәрі ел халқы бірлігінің арқасында жүзеге асты. Осы қиын кезеңде аянбай қызмет жасап, еңбек үлгісін көрсеткен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне, аудандағы барлық қолы жомарт жанашыр жандарға аудан әкімі Жанат Асылханұлының атынан зор алғыс білдіремін, деді Жасұлан Кәрелұлы.
Жиын барысында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Назира Жұмағалеева мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінік берсе, ауыл тұғыны Бауыржан Тойшыбаев ауылдағы ауызсу мәселесіне қатысты өз ойын жеткізді. Аудан әкімі мен ауыл әкімінің жұмысына ризашылығын білдірген Б.Тойшыбаев, ауданда жыл ішінде атқарған жұмыстарға оң баға беретіндігін айтып, халықпен бірлесе жұмыс жүргізген округ әкімі Ермек Сайновқа ауыл халқы атынан алғыс білдірді.
Ж.Сұлтан сайлау кезінде белсене жұмыс жүргізген ауыл тұрғыны Қуанғали Шапкиұлына аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Жиынан кейін аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ауыл жағдайы жақсарып келе ме, әлде мәселе жоқ па? Қабылдауда бір ғана ауыл тұрғыны болды.
Ауылдық округте өткен есепті жиынға аудандағы салалар басшылары
Н.Жұмағалеева, Н. Сахипов, Н.Бозов, М.Есендосовтар қатысты.