
ОТБАСЫ ТАТУЛЫҒЫ – ӨЗАРА ТҮСІНІСТІКТЕН БАСТАЛАДЫ
Қаратөбе ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, жанұядағы жауапкершілік пен сабырлылықтың маңызын түсіндіру мақсатында рухани-танымдық кездесу өтті.
«Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Абайұлының ұйымдастыруымен өткен аталмыш іс-шараға бір топ әйел адам қатысты.
Кездесуге арнайы келген Салтанат Ғалымқызы – Үшқоңыр медресе-колледжінің және Нұр-Мүбәрак Египет ислам университетінің түлегі, «Руханият» қоғамдық бірлестігінің теолог маманы С.Ғалымқызы әйелдер қауымымен «Мужадилә» сүресінің тәпсірі тақырыбында әңгіме өрбітті.
Кездесудің негізгі – Құрандағы тағылымдарды отбасылық өмірмен байланыстыра отырып түсіндіру болды.
Салтанат Ғалымқызы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынаста бір-бірін тыңдау, түсіну, кешіре білу, ашуға берілмей сабыр сақтау және өзара құрмет көрсету секілді құндылықтардың маңыздылығына тоқталды. Отбасындағы әрбір сөз бен әрекеттің ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына әсер ететіні айтылып, мәселені өзара сөйлесу және түсіністік арқылы шешудің маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар отбасыдағы ер мен әйелдің өзара міндеттері, жауапкершілігі, ерлі-зайыптылар арасындағы сенім мен сыйластықтың бала тәрбиесіне ықпалы жөнінде пікір қозғалды. Қатысушылар күнделікті өмірде кездесетін отбасылық мәселелер төңірегінде сұрақтарын қойып, теолог маманнан жауап алды.
Отбасының беріктігі – тек бір шаңырақтың тыныштығы емес, ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететін маңызды құндылық. Сондықтан ерлі-зайыптылар арасында түсіністік қалыптастыру, бір-бірінің пікіріне құрметпен қарау, қиындықты бірге еңсеру – отбасылық татулықтың негізгі тіректерінің бірі.
Рухани мазмұндағы мұндай кездесулер әйелдер қауымына діни білімін толықтырумен қатар, отбасы құндылықтарына жаңаша көзқараспен қарауға, өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызын терең ұғынуға мүмкіндік береді.