
Отан қорғау – қасиетті парыз
Алаш музейінде жергілікті әскери басқару органдарының құрылғанына 35 жыл толуына орай азаматтарды әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салуға арналған «Отан қорғау парыз» атты тағылымды кездесу өтті.
Тағылымды шараға аудан басшылығының өкілдері, әскери сала ардагерлері, ата-аналар, ұстаздар мен жастар қатысты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Ғабит Талаптанұлы сөз алып, құттықтады.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Ғабит Талаптанұлы сөз сөйлеп, әскери сапқа аттанғалы отырған жас азаматтарға ақ жол тіледі.
– Құрметті ардагерлер, қадірлі ата-аналар, ұстаздар, ардақты жерлестер және бүгін әскер қатарына аттанғалы отырған жас азаматтар!
Отан қорғау – әр азаматтың жүрегінен орын алатын қасиетті ұғым. Елдің тыныштығы мен жердің тұтастығын сақтау – үлкен жауапкершілікпен қатар зор мәртебе.
Әскери қызмет – азаматты шыңдайтын, тәртіпке, төзімге, жауапкершілікке үйрететін үлкен өмір мектебі. Бүгін Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқан Әли мен Әлиханға ақ жол тілеймін. Ата-аналарының үмітін ақтап, әскери міндеттерін абыроймен атқарып, елге аман-есен оралсын, - деді Ғабит Талаптанұлы.
Жиында Қаратөбе ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Қуат Мателиев те сөз сөйлеп, әскери қызметтің жауапкершілігіне тоқталды. Ол жас азаматтарға сапарларының сәтті болуын тілеп, Отан алдындағы борышты адал атқарудың маңызын жеткізді.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Асқар Елбаев әскери өмірдегі тәжірибесімен бөлісіп, жас сарбаздарға ақыл-кеңесін жеткізсе, Қаратөбе аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Құмарұлы Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып, елге аман-есен оралуларына тілектестік білдірді.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлеріне және әскери-патриоттық тәрбиеге үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс хаттар табысталды.
Марапатталғандар қатарында Абылай Алтаев, Нұрболат Баянғалиев, Асқар Амангелдіұлы, Сәбит Хайыржанұлы және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мержан Асқарұлы бар.
Жиыннан соң Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанғалы отырған Әли Ермекұлы мен Әлихан Жанболатұлын салтанатты түрде шығарып салды.