«Бабалар ізімен» облыстық лигасында Қаратөбе ауданы ІІ орын иеленді

«Бабалар ізімен» облыстық лигасында Қаратөбе ауданы ІІ орын иеленді

«Бабалар ізімен» облыстық лигасында Қаратөбе ауданы ІІ орын иеленді

Наурызнама аясында Ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылған «Бабалар ізімен» ауқымды облыстық спорттық жобасында Қаратөбе ауданының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте облыс бойынша ІІ орынды иеленді.

Бірнеше айға созылған лига ұлттық спорт түрлерін насихаттап, жас ұрпақты ата-баба мұрасын қастерлеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Жарыс барысында Қаратөбе ауданының спортшылары ұлттық спорттың 12 түрі бойынша бақ сынап, бірқатар жүлделі орындарға қол жеткізді.

Жекелеген спорт түрлері бойынша нәтижелер:

  • Бес асық – І орын (25 ұпай);

  • Қазақ күресі – І орын (25 ұпай);

  • Құнан жарысы – ІІІ орын (17 ұпай);

  • Жамбы ату – ІІІ орын (17 ұпай);

  • Көкпар – ІІІ орын (17 ұпай).

Барлық 12 спорт түрі бойынша жинақталған ұпайлардың қорытындысы негізінде Қаратөбе ауданы 187 ұпай жинап, облыс бойынша ІІ орынға тұрақтады. Бұл – аудан спортшыларының жүйелі дайындығының, жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің және ұлттық спортқа деген ерекше құрметінің нәтижесі.

Марапаттау рәсімінде Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов Қаратөбе ауданының спортшыларын жоғары жетістіктерімен құттықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев «Бабалар ізімен» лигасының жарыстарын арнайы барып тамашалап, аудан намысын қорғаған спортшыларға қолдау көрсетті. Ол жерлестерінің әрбір жеңісіне ортақтасып, спортшыларға жігер беріп, олардың жеңіске деген сенімін нығайтты.

«Бабалар ізімен» лигасы Қаратөбе ауданында ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықтың арта түскенін тағы бір мәрте көрсетті. Әсіресе қазақ күресі мен бес асықтан жеңіп алынған алтын жүлделер аудан мерейін үстем етсе, көкпар, жамбы ату және құнан жарысындағы жүлделі орындар ұлттық спорттың ауданымызда қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды.

Қаратөбе ауданының спортшыларын, жаттықтырушыларын және ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарды осы айтулы жетістікпен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да аудан намысын абыроймен қорғап, толағай табыстарға жете берулеріне тілектеспіз!