
Қаратөбе ауданы Мұхит Мерәліұлының 185 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті
Қаратөбе ауданында халық композиторы, әнші-ақын, күйші домбырашы Мұхит Мерәліұлының 185 жылдық мерейтойына арналған Республикалық «Сал Мұхит – Дәуір үні» атты мәдени-тағылымдық шарасы өтті.
Аталған шарамыз облыс орталығы Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Қазақ музыка мәдениетіндегі Мұхит феномені: тарих, тағылым, зерттеу» атты ғылыми конференциясы өтіп, Мұхит Мерәліұлы бабамыздың 185 жылдық мерейтойына арнап түсірілген «Сал Мұхит – дәуір үні» деректі фильмі көпшілікке таныстырылды.
Сонымен қатар, мерейтойға орай жарық көрген «Дәуірдің дарабоз әншісі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шара Қаратөбе ауданында жалғасып, алдымен құрметті қонақтар мен республика көлемінде сайысқа қатысушы конкурсанттар Мұхит Мерәліұлының кесенесіне барып бабамыздың рухына тағзым жасап, құран бағыштады.
Мерейтойлық шарада көкпардан аудандық ашық турнир өтіп, жазушы Жаулыбай Қосыбаевтың «Әнші Мұхит» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Аудан орталығында «Сары дала сағынышы – Сал Мұхит» атауымен Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өткізілді. Мерейтой аясында ұлттық салт-дәстүрлер насихатталып, құрметті қонақтарға киіз үйлерде қазақы дәстүрмен дастархан жайылды. Мерейтойға Ақтөбе облысының көршілес Ойыл, Қобда және Сырым ауданынан арнайы келген өкілдер облыс, аудан басшылығының құттықтау хаттарын табыс етті.
Қазылар алқасының шешімімен үздік өнерпаздар анықталып, арнайы марапаттарға ие болды. Мерейтойға арналған Республикалық мәдени-танымдық шаралар гала-концертпен қорытындыланды.